Қазақстан-Ресей шекарасында жүздеген еліктің қырылғаны туралы ақпарат тарады

Фото: Олеся Жуковень/агентство Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ресей БАҚ-тарында Новосібір облысының Қазақстанмен шектесетін жерінде жүздеген еліктің қырылып жатқаны туралы ақпарат тарады. 

Ақпаратта жабайы жануарлар Қарасуық ауданындағы көлде қатқан мұздан өте алмай, топ-тобымен қырылып қалғаны айтылады. Жергілікті табиғат қорғау ведомствосы мұзды көлдердің бірінде жануарларды құтқару бойынша «күрделі және ауқымды операцияны» инспекторлар аңшылармен бірлесіп жүргізді деп мәлімдеген. Әйтсе де олар жүздеген жануар қырылып қалды деген ақпарат дұрыс емес деп отыр.

Ал жергілікті тұрғындар инспекторлар еліктерді құтқарғанымен жағаға лақтырып тастап жатқандарына қынжылыс танытқан. Шын мәнінде жануарлардың бойын жылытып, сосын босату керек екенін алға тартады.

Новосібір облысының Қарасуық ауданы Павлодар облысының Тереңкөл және Успен аудандарымен шекаралас. Қос мемлекеттің бұл аумақтағы шекарасында Қарасуық және Шаған көлдері орналасқан. Ресейдің ішкі жағынан ауа бастаған түз тағылары аталған су айдындарын басып өтуі ықтимал.

Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өкілдері шекаралық аймақтарда еліктердің қырылуы туралы ақпарат түспегенін хабарлады.

— Қазіргі уақытта сібір еліктерінде күйекке түсу мезгілі басталды. Жабайы жануарлар шағылысу үшін өздеріне қолайлы жер іздеп, миграция жасайды. Еліктердің шоғырланып, топ-тобымен көшіп-қонуы туралы мәліметтер бар. Тек Павлодар облысында ғана емес, Қарағанды өңірінде еліктердің шоғырлануы тіркелгенін әріптестеріміз айтып жатыр. Бұл уақытша құбылыс. Бірақ жануарлардың өлуі туралы ақпарат жоқ. Қазір біз жергілікті орман шаруашылықтарынан еліктердің қозғалысы туралы мәліметтер жинап жатырмыз. Оның нәтижесі екі-үш күнде белгілі болады, — дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Исатай Абдразахов.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Павлодар облысының аумағында шамамен 4800-дей елік бар.

Инспекциядан хабарлағандай, қазіргі уақытта Железин ауданы аумағында Ресей Федерациясының Новосібір облысы тарапынан еліктердің жаппай көші-қоны байқалып отыр. Еліктер Железин ауданының аумағында астық және күнбағыс алқаптарында кідіріп қалып жатыр. Жиналмай қалған күнбағыс алқаптары -олар үшін айтарлықтай азық көзі.

Еліктердің көші-қоны сондай-ақ Успен және Тереңкөл аудандары бағытында да байқалады, мұнда олар үшін жеткілікті жем-шөп қоры (егін алқаптары) бар.

Бұған дейін еліктердің жаппай көші-қоны тіркелмеген. Әдетте маусымдық кезеңде жеке дара немесе шағын топтар түріндегі көші-қон ғана болып тұратын. Тұяқты жануарлардың мұндай қозғалысына әртүрлі себептер ықпал етуі мүмкін — тіршілік ортасының бұзылуы, қолайсыз ауа райы немесе табиғи азықтың қолжетімсіздігі.

— Аңшылық шаруашылығы субъектілеріне еліктердің қырылу фактілерін, сондай-ақ су айдындарында жабайы тұяқты жануарлардың қиын жағдайда қалуы немесе тұрып қалуы мүмкін жағдайларын анықтау мақсатында аумақтарда мониторинг жүргізу жөнінде хаттар жолданған, — деп қосты инспекциядан.

Қазіргі уақытта орман күзеті тарапынан қорғау шаралары мен жануарлар бойынша мониторинг күшейтілді. Сонымен қатар қалыптасқан жағдайға байланысты сібір елігінің қосымша есебі жүргізілетін болады.

Еске сала кетейік, Павлодарда еліктерді заңсыз атқан ауыл тұрғыны ұсталды