Қазақстан Ресей СІМ-іне Мәскеуде қазақстандықтың өлтірілуіне қатысты ресми нота жолдады

АСТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстан Ресей Сыртқы істер министрлігіне Мәскеуде қазақстандықтың өлтірілуіне қатысты ресми нота жолдады. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлім етті.

2013 жылғы 23 қараша күні Мәскеу қаласының «Котловка» өзенінің жағасында1981 жылы дүниеге келген ҚР азаматшасы Нажапова Биржаханумның мәйіті табылғандығын еске салған ол: «Қазіргі таңда Мәскеу бойынша Тергеу комитеті Бас тергеу басқармасының Зюзинск ауданаралық тергеу бөлімшесі қылмыстық іс қозғады. Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшілігі РФ Сыртқы істер министрлігіне ресми нота жолдап, онда Қазақстан тарапының аталған мәселеге қатысты алаңдаушылығын жеткізген және осы іс бойынша жедел әрі жан-жақты тергеу амалдарын жүзеге асыруды сұраған»,- деді.

Ресми өкілдің айтуынша, аталған азаматшаның туыстарымен ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарласқан әрі ведомство тарапынан мәйітті Қазақстанға тасымалдауға қатысты толық көмек көрсетілетін болады.