Кеден одағы: Қазіргі заман және Бірыңғай экономикалық кеңістігі жағдайындағы болашақ» атты 3-ші Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі кедендік бақылау комитетінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің қызметі мен одан арғы дамуы мәселелері талқыланған конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Кеден қызметінің делегациясы да қатысты.
Еліміздегі Кеден одағы шеңберінде жасалып жатқан жұмыстар барысымен қазақстандық кеден қызметінің басшысы Мәжит Есенбаев таныстырды.
Ол Кеден одағына мүше-мемлекеттердің транзиттік әлеуетін дамытуға басты назар аударды. Оның айтуынша, көліктік логистиканы дамыту Қазақстанды әлемнің Орталық Азия аймағы арқылы өтетін қауіпсіз дәліз ретінде тануы үшін ауадай қажет. «Сондықтан да Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытатын шараларға аса үлкен маңыз беріліп отыр», - деп атап өтті М. Есенбаев.
Бұл жұмыстар кедендік әкімшілендіру шараларын (қажетті құжаттарды азайту, кедендік операцияларды жылдамдату және т.б.) оңтайландыру және Қазақстан территориясынан өтетін транзиттік маршрутты пайдалануға ынталандыруға бағытталған.
Шара барысында Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасының Кеден қызметтері басшыларының екіжақты кездесуі болды. Онда әріптестік қарым-қатынастардың көкейкесті мәселелері талқыланды.