Қазақстан Ресейден келетін мұнай өнімдеріне шектеуді алып тастайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Ресейден келетін мұнай өнімдеріне шектеуді алып тастайды. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин осылай мәлімдеді.

«Яғни, енді Ресейден мұнай тасымалдау қызметі барлық қатысушылар үшін ашық. Еске сала кетейік, біз көктемде шектеуді енгізіп, оған рұқсатты тек «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына берген болатынбыз. Бұл шара негізінен Ресейден әкелінетін мұнай өнімдерінің күрт өскеніне қатысты болатын. Жалпы, бізде өзара келісімшарттарға қол қойылып, индекативтік баланс бекітілген, онда біздің бір жылға баж салығынсыз әкеле алатын мұнай өнімдерінің мөлшері көрсетілген», - деді министр.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Ресейден тасымалданған мұнай артығымен орындалды. Соған орай, көктемде бір ғана оператор тағайындалып, ресейлік мұнайды жеткізумен сол ғана айналысып келген еді. «Жарты жыл ішінде біз өзіміз межеленген мөлшерді жеткізіп алдық. Енді еш алаңдамастан шектеуді ашып, кез келген ұйымға тасымалдау мүмкіндігін де беріп отырмыз», - деді Ұ. Қарабалин.

Осыған орай, министр Қазақстан жағы шектеуді алып тастау туралы бұйрыққа қол қойғанын, енді Ресей тарапында оны келісу процесі жүріп жатқанын айтты. «Біз олардан шешім қабылдағаны туралы ақпаратты алысымен осы бұйрық күшіне енеді», - деді Ұ. Қарабалин.