Қазақстан Ресейдің үш өңірінде мектеп салады - Жұманғарин

АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстан Ресейдің үш өңірінде мектеп салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлім етті.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Оның айтуынша, Ресей бұған дейін Қазақстанның Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында үш мектеп салуды ұсынған.

- Осыған сәйкес, біз Орынбор облысы, Омбы және Астраханда мектеп құрылысын ұсындық. Менің білуімше, Орынборда жер телімі бекітіліп қойған, ал Астрахан мен Омбыда жер телімі айқындалып жатыр. Осының барлығы дайын болғанда, біз оған бір уақытта қол қоямыз, - деді С. Жұманғарин Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының алдында тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Премьер-министрдің орынбасары мектептерде аралас оқыту форматы болатынын айтты. Балалар қазақша және орысша оқитын болады.

- Бұл жоспар жақын арада жүзеге асады. Келісімге қол қойылғаннан кейін, мектептерді саламыз. Оны бір жарым жыл ішінде салуға болады, - деді ол.

Еске салсақ, жақында РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресейде 3 қазақ мектебі ашылатынын айтты.