«Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы тарихи тақырыптағы телесериал сценарийіне байқау жариялады

АСТАНА. 21 ақпан. ҚазАқпарат - «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы тарихи тақырыптағы телесериал сценарийіне байқау жариялады.

Байқаудың мақсаты - қазақ халқының тарихын көрермен қауым назарына жаңаша, қарапайым да ұғынықты тілмен ұсыну арқылы ұлтымыздың шексіз шежіресін жаңа қырынан ашып, кеңінен насихаттау. Елім деп еңіреп өткен ерлердің ерен істерін сипаттау арқылы өткеніміз бен бүгініміз арасындағы байланыс тамырын тармақтап, халқымыздың бойында отансүйгіштік, өз елінің тарихы үшін мақтаныш сезімін нығайту.

Байқауға қазақ тіліндегі қолжазбалар қабылданады. Ұсынылған сценарий жобалары тақырыптың айғақтылығы және оны ашу тереңдігі, дәлдігі және қонымдылығы жағынан қойылатын талаптарға сәйкес болуы тиіс.

Сценарий жобаларын қабылдау 2012 жылғы 5 наурызға дейін жалғасады. Байқау қорытындысы 16 наурызға  дейін жарияланады.

Байқау жеңімпаздары Корпорацияның басқарма төрағасы бекіткен көркемдік байқау кеңесінің шешімімен анықталады. Өтінімдер және байқау жұмыстары   010000, Астана қ., Мәскеу к-сі, 37  мекен-жайында қабылданады.  Электронды пошта: rtrk@astana.kazakstan.kz