Қазақстан Республикасы Непал үкіметі мен халқына көңіл айтты - СІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Сыртқы iстер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі мен Ресми өкілі Алтай Әбибуллаев түсініктеме жасады, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметінен.

«Соңғы уақытта бірқатар жойқын жер дүмпуі салдарынан мыңдаған адамдардың қаза тауып, жарақаттануына байланысты Қазақстан Непал үкіметі мен халқына өзінің қайғылы көңілін білдіреді.

Бүкіл әлемнің Непал халқына деген шынайы көңілі мен қолдау лебізіне толығымен қосыламыз. Непал мен Ресей Федерациясы үкіметтеріне апат аймағындағы Қазақстан азаматтарына көрсеткен қолғабысы мен елден эвакуациялаудағы көмек-жәрдемдеріне алғысымызды білдіреміз. Сонымен қатар, Непалдағы зіл-заланың салдарынан қалыптасқан ауыр ахуалды еңсеру мақсатында Қазақстан жақын арада елеулі көмек көрсететіндігін хабарлаймыз», - деп жазылған хабарламада.