«Қазақстан Республикасы. Тәуелсіздік шежіресі» атты тарихи дерекнамалық көптомдық жарыққа шықты

СТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанадағы ҚР Президенттік мәдениет орталығында «Қазақстан Республикасы. Тәуелсіздік шежіресі» атты тарихи дерекнамалық көптомдықтың алғашқы 14 кітабінің тұсаукесер рәсімі өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2 мың данамен, әзірше 14 том көлемінде жарық көрген жобаның авторы - көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков.

«Елімізде деректану ғылымының қалыптасып, дамымағандығының салдарынан ата тарихымыз негізінен аңыздарға, шежірелерге, батыстың қайсыбір күмәнді деректеріне сүйеніп жазылып келді. Шым-шытырық қазақ тарихы ауызша таралып келгендіктен, осы күнге дейін бір ізге түспей-ақ қойды. Бүгінде қанша тарихшы болса, сонша пікір бар», дейді М. Жолдасбеков.

Оның айтуынша, «ең өкініштісі - қазақ тарихын қазақтардың өзі емес, өзгелер жазды, сондықтан тарих беттерінде көптеген жаңсақтықтарға жол берілді». Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Президенттік мәдениет орталығы соңғы төрт жылда Елбасының мақұлдауымен «Қазақстан Республикасы. Тәуелсіздік шежіресі» атты дерекнамалық серияларды жариялай бастады.

Көптомдықта Қазақстан Республикасының 1991 жылғы тәуелсіздік алғалы бергі қабылданған ресми құжаттары мен шешімдері рет-ретімен беріліп, «Тәуелсіздік шежіресі», «Елмен сырласу», «Елбасы жолдады - елі қолдады», «Әлем Қазақстан туралы», «Әлем Президент туралы» деген атпен үздіксіз жалғаса береді.

Бұл серияның бүгінде тек 14 томы ғана шыққанымен, қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасы мемлекеттілігі және Президенттік институтын зерттеу» ғылыми зертхананың қызметкерлері тағы 17 томды дайындау үстінде. 2015 жылға қарай теңдессіз жобаның 138 томы жарыққа шығады деп жоспарлануда. М. Жолдасбеков аталмыш жоба ешқашан аяқталмайтын, үнемі үздіксіз жалғаса беретін серия болатынына, Қазақстанның шынайы шежіресіне, келешекте өз алдына дербес кітапханаға айналатынына сенімділік білдірді.

Тұсаукесер рәсіміне қатысқан Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, көптомдықтың таралымын ұлғайту, ондағы 1991-1993 жылдарды ғана қамтыған «Елмен сырласу» кітабын одан әрі жалғастыру, интернет портал құрып көптомдықтың интернет кеңістігінде де тарату жайында, сонымен қатар жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру мақсатында кітаптарды ЖОО мен мектептерде оқыту, сериялардың негізінде монографилық еңбектер мен ғылыми зерттеулер жүргізу туралы ұсыныстар тастады. Осы игі істерді жоғары деңгейде аяқтау үшін мемлекеттік комиссия құруға атсалысатындығына да уәде берді.