Қазақстан Республикасында болу ережесін бұзғаны үшін 2265 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды - ҚР ІІМ Әкімшілік полициясы комитеті

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат. Қылмысқа қарсы күресті күшейту, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың 8-12 желтоқсан аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді,

деп хабарлайды ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті.

Іс-шараға ішкі істер органдарының 28 000 астам қызметкерлері мен ішкі әскерлердің әскери қызметшілері, сонымен қатар 5,5 мыңнан астам жұртшылық өкілдері жұмылдырылды. Жедел-профилактикалық іс-шараны өткізу кезінде жалпы 3347 қылмыс тіркелді, оның ішінде қоғамдық орындарда - 282, көшелерде - 133 қылмыс жасалды. Кезекші тәулікте 2005 қылмыс ашылды. Сонымен қатар бұрын жасалған 746 қылмыс ашылды.

240 есірткі қылмысы анықталды, бұл ретте 26 кг. 465 гр. есірткі зат алынды. Заңсыз сақталған 408 бірлік атыс қаруы, оның ішінде 28 - ойық ұңғылы, 320 - тегіс ұңғылы және 64 - ұңғысыз травматикалық атыс қару алынды.21395 әкімшілік құқық бұзушылық, оның ішінде 385 ұсақ бұзақылық, жасөспірімдер жасаған 136 ұсақ бұзақылық және қоғамдық орында спирттік ішімдік ішу немесе мас күйде жүрудің 12362 фактісі анықталды. Қазақстан Республикасында болу ережесін бұзғаны үшін 2265 шетелдік, оның ішінде алыс шетелдің 138 азаматы, 2127 ТМД азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.