Аталмыш шараға Әділет министрлігі мен Орталық сайлау комиссиясының және прокуратура органдарының өкілдері, сондай-ақ және жоғары оқу орындарының ұстаздары мен заңгер мамандар қатысты. Заң жобасын талқылауға үкіметтік емес ұйым өкілдері де атсалысты. «Бұл өте маңызды құжат. Осыған қарай бізге қазір бақылау деген не, қадағалау деген деген мәселелерді тағы бір ой елегінен өткізіп, пысықтап шыққан дұрыс. Себебі бүгінгі таңда бақылау мен қадағалау деген ұғымды дұрыс түсінбеу жағдайлары көптеп орын алып отыр. Осыған байланысты кейде кейбір қадағалаушы органдар тарапынан асыра сілтеушіліктерге де жол берілуде. Бүгін біз осы мәселені құзырлы министрліктер мен ведомство өкілдерімен және заңгерлермен талқыға салғанымыз жөн болар деген ниетпен бас қосып отырмыз», - деді Заң ғылымының докторы, профессор Жұмабек Бұсырманов.
Оның сөзіне қарағанда, көпшіліктің талқылауына ұсынылып отырған заң жобасы еліміздегі бақылау және қадағалау қызметтерін жүзеге асыруға қажетті шарттарды қалыптастыруға бағытталған. Осыған байланысты мәжіліске қатысушылар қадағалау мен бақылау ұғымдарының, бақылаушы органның нақты қызметі, мемлекеттік тексерулерді оңтайландыру мен оларды заң негізінде ретке келтіру сияқты мәселелерді талқыға салып, олар бойынша өзара пікір алмасатын болады. Сондай-ақ олар Мемлекет басшысының құқық қорғау органдары мен сот қызметін жетілдіру жөніндегі Жарлығында көрсетілген міндеттердің жүзеге асырылу барысын және осы міндеттер бойынша орын алып отырған проблемаларды да талқыға салмақ.