Қазақстан Республикасының Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне түсу үшін талапкерлерге 300, ал магистранттар үшін 10 грант бөлінді

АСТАНА. Шілденің 21-і. ҚазАқпарат /Жанна Қорқытова/ - Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне түсу үшін талапкерлерге 300, ал магистранттар үшін 10 грант бөлінді. Бұл туралы бүгін «Қазақстан ІТ-Университетінің ІТ-білімінің халықаралық деңгейі: мүмкіндіктер мен болашағы» тақырыбына арналған online-конференциясы барысында «Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті» АҚ вице-президенті Ескендір Әлиев хабарлады.

«Біздің университетке түсу мүмкіндігі өте зор. Біздің университет үшін арнайы 300 грант бөлінді, биыл біз өзіміз магистранттар үшін қосымша 10 грант бөліп отырмыз», - деп хабарлады ол.

Оның айтуынша, университетті Байланыс және ақпарат министрлігі қолдап отыр, өйткені аталмыш оқу орны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік ауқымында жұмыс атқаруда, құрылтайшысы - «Зерде» Ұлттық ақпараттық коммуникациялық холдингі. Университет белсенді қолдауға ие: өткен жылы, оқу орны ашылғанда да 300 грант бөлінген еді.

Биылғы жылы, бұрынғы төрт мамандыққа қосымша төрт мамандық қосылатын болды. Олар: «математикалық және компьютерлік жобалау», «ІТ-журналистика», «қаржы» және «радиотехника, электроника және коммуникация» мамандықтары.