Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы жəне қаржы нарығын дамыту жөніндегі кеңес құрылды - ҚР Ұлттық банкі
Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы жəне қаржы нарығын дамыту жөніндегі кеңес Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылды, оның негізгі мақсаты Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жəне қаржы секторын тиімді дамыту мəселелері бойынша ведомствоаралық үйлестіру болып табылады. Кеңес функцияларының құрамына:
1) реттеуші мониторинг деректерінің негізінде қаржылық тұрақтылық үшін жүйелік тəуекелдер бойынша ұсыныстарды тұжырымдау;
2) Қазақстан Республикасының қаржы жүйесін дамыту саласында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын əзірлеу жəне іске асыру жөніндегі тəсілдерді тұжырымдау;
3) жүйелік тəуекелдерді барынша азайту жəне қаржылық тұрақтылыққа қатердің алдын алу мақсатында қаржы секторын реттеудің стратегиясы мен қағидаттарын қалыптастыру бойынша ұсыныстарды тұжырымдау;
4) қаржылық тұрақтылыққа қолдау көрсетуге бағытталған реттеуші жəне ынталандырушы шараларды қолдану жөніндегі ұсынымдарды дайындау кіреді.
Кеңес төрағасы - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағасы - Григорий Марченко;
Кеңестің құрамына: Данияр Ақышев - Ұлттық Банк төрағасының орынбасары; Елена Бахмутова - Қаржы нарығын жəне қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің төрайымы; Мəжит Есенбаев - Бəсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы; Болат Жəмішев - Қазақстан Республикасы Қаржы министрі; Бақыт Сұлтанов - Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі; Серік Аханов - «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы; кіреді.
Кеңестің жұмыс органы Ұлттық Банк болып табылады.
Кеңестің бірінші отырысы ағымдағы жылғы маусымның 30-ында өткізілді.
Мынадай мəселелер қаралды:
- Халықаралық практикада қабылданған реттеу қағидаттарын ескере отырып, қаржы институттарын капиталдандыруды кезең-кезеңмен арттыру туралы;
- «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне банк қызметін жəне қаржы ұйымдарын реттеу мəселелері бойынша тəуекелдерді азайту бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жобасының бірқатар тұжырымдамалық жағдайлары туралы;
- Қаржы жүйесінің тұрақтылығы тұрғысынан алғанда ақшаны жылыстату мен лаңкестікті қаржыландыруға қарсы іс-əрекет жүйесі жұмысының кейбір аспектілері туралы.
Сондай-ақ Кеңестің келесі отырысын ағымдағы жылғы шіленің 16-сында өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл отырыста екінші деңгейдегі банктердің қатысуымен қаржы секторының тəуекелдерін барынша азайту жөнінде келісілген ұстанымды əзірлеу жəне заңнамалық бастамалар туралы мəселе қаралады деп болжануда.