Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігі: Қазақстан мен Жапония әуе жол қатынасы туралы мәселе талқыланды

АСТАНА.Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат – Кеше Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов Қазақстан Республикасының Жапониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ақылбек Камалдиновты қабылдады.

Кездесуге министрліктің құрылымдық бөлімше басшылары мен «Эйр Астана» компаниясының өкілдері қатынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Кездесудің басты мақсаттары - Қазақстан мен Жапония арасында келісім жасау және әуе жолы қатынасының ашылу мәселесі болды.Әбілғазы Құсайынов бұл мәселе бойынша шешім қабылдау қажеттігіне келісті. Ведомство басшысы келісім жобасының Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен бұдан бұрын келісіліп қойылғаны туралы және 2008 жылы авиациялық билік өкілдері арасында өткізілген кездесуде жапондықтар тарапы қол қоюды жоспарламағанын айтты. Осыған орай Ақылбек Камалдиновтың айтуы бойынша, осы жылдың сәуір айында өткізілген келіссөздер қорытындысы бойынша Жапонияның көлік министрі Қазақстан мен Жапония арасындағы әуе жол қатынасы туралы келісімді қарастыруға әзірлігін білдірді.Кездесуге қатысушылар бұл келісім жобасын жапон өкілдерінің қайта қарауына жіберу жөнінде келісті. Әуе қатынастарының бағыттары мен жиілігі кейін анықталатын болады. «Эйр Астана» компаниясының жоспары бойынша әуе қатынасын 2011 жылы ашу көзделуде.Кездесу соңында Қазақстан елшісі бұл мәселе бойынша оң шешім қабылдануына жәрдемдесуге әзір екендігін білдірді.