08:28, 27 Наурыз 2009
Қазақстан Республикасының парламенттік делегациясы Берлинде болды
АСТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат – Қазақстанның Германиядағы жылы аясында қазақстандық парламенттік делегация герман тарапының шақыруымен Берлинде болды.
Құрамына сенаторлар мен мәжіліс депутаттары, сыртқы саясат ведомствосының өкілдері кірген делегацияны Президенттің Парламенттегі өкілдігінің жетекшісі Асқар Бейсенбаев бастап барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат сыртқы істер ведомствосының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы» тақырыбы бойынша Бундестагта (ГФР Парламентінің төменгі палатасы), Федералды канцлер ведомствосында, сыртқы істер және ішкі істер министрліктерінде, қоғамдық-саяси қорларда кездесулер өтті. Қазақстандық парламентшілер Бундестагтың вице-президенті және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясындағы Германия делегациясының басшысы Вольфганг Тирземен, сондай-ақ Бундестагтағы «Германия-Орталық Азия» парламенттік тобының мүшелерімен болған әңгімелесулер барысында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының басымдықтарын талқылады және қоғамды демократияландыру мақсатында қазақстандық заңнамалардың реформалану барысы жайлы хабардар етті. В.Тирзе мырза өз сөзінде Қазақстанның саяси орнықтылығы мен экономикалық жетістіктерін атап көрсетіп, Ұйымға төрағалыққа әзірлік барысында біздің елімізге Германияның жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Берлиндегі сапар бағдарламасы қорытындыланғаннан кейін қазақстандық парламентшілер герман тарапы ұйымдастырған ЕҚЫҰ институттарындағы кездесулерге қатысу үшін Венаға аттанды.