Қазақстан Республикасының және Вьетнам Социалистік Республикасының бірлескен мәлімдемесі

АСТАНА. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасының бірлескен мәлімдемесін таратты.

ҚазАқпарат құжаттың мәтінін жарияайды.

Қазақстан Республикасының және Вьетнам Социалистік Республикасының

БІРЛЕСКЕН МӘЛІМДЕМЕСІ

2012 жылғы 10-11 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті Чыонг Тан Шанг Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапармен келді.

2012 жылғы 10 қыркүйекте екі мемлекет басшылары қазақстан-вьетнам ынтымақтастығының бүгінгі ахуалы мен перспективаларын талқылап, өзара мүдделік танытып отырған кең ауқымды өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты.

Вьетнамның Президенті Чыонг Тан Шанг Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Мәмимен, Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Н.Нығматулинмен, Премьер-Министрі К.Мәсімовпен кездесулер өткізіп, қазақстан-вьетнам бизнес-форумына және Вьетнамның Қазақстандағы Мәдениет күндерінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Тараптар Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасында дипломатиялық қатынастар орнатылған сәттен бастап 20 жыл ішінде екіжақты ынтымақтастықта қол жеткізілген жетістіктерге жоғары баға беріп, өзара ықпалдастықты тереңдету бағытын жалғастыру және оны жаңа сапалы деңгейге шығару ниеттерін қуаттады.

Тараптар екі мемлекет халықтарының мүдделеріне сай Қазақстан мен Вьетнам арасында қалыптасқан достық қарым-қатынастарды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап көрсете отырып, төмендегіні мәлімдейді:

1. Тараптар екіжақты қарым-қатынастардың дамуына тың серпін берген 2011 жылғы 30 қазан - 1 қараша аралығында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вьетнам Социалистік Республикасына жасаған ресми сапарының қорытындыларын жоғары бағалады.

Тараптар өткен кезең ішінде екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың нәтижелерін және ынтымақтастықтың перспективаларын анықтауға мүмкіндік берген Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті Чыонг Тан Шангтың Қазақстан Республикасына жасаған алғашқы мемлекеттік сапарының маңыздылығын атап өтті.

 Тараптар  тұрақты саяси диалогқа, түрлі деңгейлердегі байланыстар мен делегациялармен алмасуға дайын екендіктерін және алдағы уақытта да қолдау көрсетуді, өзара сенімнің деңгейін бұлжытпай жоғарылатуды қуаттады.   

Тараптар парламентаралық және партияаралық байланыстарды дамыту екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бөлігі болып табылады деп есептейді және Қазақстан мен Вьетнам халықтарының игілігі үшін аталған салалардағы байланыстарды одан әрі тереңдетуге дайын.

Вьетнам тарапы 2013 жылы Ханой қаласында Қазақстан Республикасының Елшілігін ашу туралы шешімді қолдайды және тікелей дипломатиялық байланыстар мемлекетаралық қарым-қатынастардың нығаюына мүмкіндік береді деп есептейді.

2. Тараптар Қазақстан-вьетнам сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық салалардағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы екіжақты ынтымақтастықты ілгерілетудің маңызды тетігі болып табылатынын атап өтті.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық, энергетикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, мәдени-гуманитарлық, ғылыми-техникалық, көліктік, әскери-техникалық және басқа салаларда Комиссия мен өзге де екіжақты жұмыс тетіктерінің әлеуетін толық пайдалануға дайын екендігін білдірді.

Тараптар атап 2011 жылғы қыркүйекте қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы 2011-2013 жылдарға арналған Бірлескен іс-қимыл жоспарын тиімді іске асыру қажеттігін атап өтті.

3. Тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамудың үлкен әлеуетіне ие екендігіне сенімді. Осыған орай, Тараптар сауда-экономикалық саладағы өзара іс-қимылды жаңа, өте жоғары деңгейге шығару үшін күш салуға ниетті.

Тараптар Кеден Одағы елдері мен Вьетнам арасында еркін сауда аймақтарын құру бастамасын қолдайды, оның табысты жүзеге асырылуы екіжақты форматтағы, оның ішінде инвестициялар тарту саласында ынтымақтастықтың кеңеюіне жаңа серпін береді.

Тараптар жаңадан құрылған екіжақты Іскерлік кеңестің қызметі сауда-эконмикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың дамуына, екі елдің іскер топтары, оның ішінде орта және шағын кәсіпорындар өкілдері арасындағы байланыстардың жандануына айтарлықтай мөлшерде септігін тигізетіндігіне сенім білдірді.

Тараптар сапар шеңберінде өткен өзара іс-қимылдың жаңа салаларын іздестіру және екі елдің іскер топтары арасындағы ынтмақтастықтық бағыттарын кеңейту үшін пәрменді тетік болып табылатын бизнес-форумның нәтижесіне оң баға берді

4. Тараптар мұнай-газ саласындағы өзара іс-қимыл екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыты екендігімен келісті және өзара тиімді бірлескен жобаларды, оның ішінде үшінші елдер аумағында жүзеге асыру үшін саяси маңызы бар «ҚазМұнайГаз» және «Петровьетнам» ұлттық компаниялары арасындағы байланыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Тараптар пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруді бірлесіп жүргізуге қызығушылық танытты.

5. Тараптар екі мемлекеттің компанияларының қатысуымен өздерінің аумағындағы жобаларды іске асыру, сондай-ақ жоғары технологияларды пайдалана отырып бірлескен кәсіпорындар мен өндірістер құру арқылы өзара инвестициялардың мөлшерін ұлғайтуды маңызды санайды.

6. Тараптар ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастықтың перспективаларын, оның ішінде екі елдің осы саладағы озық тәжірибесімен алмасу бойынша зерттеулерді жалғастыру ниетін қуаттады.

7. Тараптар банкаралық өзара ықпалдастық орнатуды қажет деп санайды және осы бағытта алғашқы ірі қадам болып саналатын Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Мемлекеттік банкі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум жасауды құптады.

8. Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды кеңейтуге септігін тигізетін екі мемлекет арасында тікелей әуе қатынасының жоспарланып отырған ашылуын құптады.

9. Тараптар екіжақты әскери-техникалық ынтымақтастықты дамыту ниеттерін білдірді және екі мемлекеттің аталған саладағы бейінді компаниялары арасында байланыстар қалыптасуын қолдады.

10. Тараптар Қазақстан мен Вьетнам халықтарының жақындасуына және олардың арасында өзара түсіністіктің тереңдеуіне мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық маңызды рөл ойнайтындығы туралы ортақ пікірде.

Тараптар Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті Чыонг Тан Шангтың Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары аясында Вьетнамның Қазақстандағы Мәдени күндерінің ойдағыдай өткізілуіне жоғары баға берді, сондай-ақ Қазақстанның Вьетнамдағы Мәдени күндерін өте жоғары деңгейде ұйымдастыруға бірлесіп күш салу бойынша уағдаластық жасады.

11. Тараптар халықаралық және өңірлік ұйымдар мен форумдар, оның ішінде, Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) шеңберіндегі өзара белсенді ықпалдастықты атап өтті және БҰҰ және басқа да көпжақты ұйымдар шеңберінде өзара қолдау көрсетуді жалғастыратын болады.

Қазақстан 2020-2021 жж. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне Вьетнамның кандидатурасын, Вьетнам өз кезегінде 2017-2018 жж. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің басқарушылар кеңесіне Қазақстанның кандидатурасын қолдауға дайын екендіктерін білдірді.

12. Вьетнам тарапы Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) өткізу жөніндегі бастамасының 20-жылдығымен қазақстан тарапын құттықтады. Өз кезегінде, АӨСШК бастамасын қолдағаны үшін қазақстан тарапы Вьетнамға алғысын білдірді.

Тараптар Азия өңірінде сенімділік орнату және нығайту, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, АӨСШК және басқа да өңірлік және халықаралық форумдар шеңберінде бірлесіп күш салу туралы ұмтылысты қуаттады. Тараптар халықаралық құқық нормаларына және БҰҰ Жарғысына сәйкес өңірлік жанжалды күш қолданусыз немесе күш қолдану қаупінсіз бейбіт түрде реттеуді қолдайды.

13. Қазақстан тарапы Вьетнамның Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері ассоциациясының (АСЕАН) қызметіндегі үлесін жоғары бағалай отырып, Қазақстанның АСЕАН-ның Өңірлік форумына мүмкіндігінше қысқа мерзім ішінде кіруін вьетнам тарапының қолдауына сенім білдірді. Вьетнам тарапы Қазақстан мен АСЕАН арасындағы қатынастардың дамуын «байланыстырушы» болуға өзінің әзір екенін тағы да растады.

14. Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті Чыонг Тан Шанг қонақжай қазақстан халқына және Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне сапар барысында вьетнам делегациясына көрсетілген жылы қабылдау үшін өзінің терең ризашылығын білдірді.

Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті Чыонг Тан Шанг Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Вьетнам Социалистік Республикасына ыңғайлы уақытында сапармен келуге шақырды. Шақыру ризашылықпен қабыл алынды. 

Астана қаласы,

2012 жылғы 10 қыркүйек