«Қазақстан Республикасы 2016 жылдың 9 қыркүйегінде Женевада Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Джон Керридің арасында сириялық дағдарысты реттеудің жалпы жоспарын әзірлеу бойынша қол жеткізілген уағдаластықты қолдайды», - делінген мәлімдемеде.
Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы жанжалға қатысушы барлық тарапты жоспарды мүлтіксіз орындауға және Сирияны саяси реттеу бойынша сирияаралық келіссөздерді жаңғырту үшін қолайлы жағдай жасауға шақырды. «Қазақстан Республикасы Сирияның Алеппо қаласына және басқа да өңірлеріне тұрақты гуманитарлық қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін соғыс іс-қимылдарын толығымен тоқтату туралы (2016 жылдың 12 қыркүйегі күні сағат 00-00-ден бастап) уағдаластыққа жан-жақты қолдау білдіреді. Ресей мен АҚШ арасында қол жеткізілген Сириядағы террористерге үйлестірілген соққы жасау туралы уағдаластық лаңкестік қауіпті тиімді және түбегейлі жою мақсатындағы толыққанды халықаралық ынтымақтастықтың бастауы болады деп есептейміз. Бұл әдіс 2015 жылдың қыркүйегінде өткен БҰҰ Бас ассамблеясының мерейтойлық сессиясы аясында Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған БҰҰ қамқорлығындағы Жаһандық терроризмге қарсы коалиция (желі) құру бойынша Қазақстан Республикасының бастамасына сай келеді», - деп атап өткен ҚР Сыртқы істер министрлігі.
16:15, 10 Қыркүйек 2016
Қазақстан РФ мен АҚШ-тың Сириядағы бітім туралы уағдаластығын қолдайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресей мен АҚШ-тың Женевадағы Сирия бойынша келіссөздерінің қорытындысына орай мәлімдеме жасады. Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады.