«Мен-қазақпын» атты халықаралық мегажобаның таныстырылымы 2017 жылдың 11 мамырында Орталық коммуникациялар қызметінде Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев пен «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқармасының төрағасы Ерлан Қариннің қатысуымен өтті.
«Елбасы рухани жаңғыру жөніндегі жалпыұлттық идеяны жариялағанда, жаңғыру үдерісі міндетті түрде елдің ұлттық рухани тамырынан нәр алуы тиіс екендігін ескерді. Осыны ескере отырып «Мен - қазақпын!» атты телевизиялық мегажобаны ұсынып отырмыз. «Мен - қазақпын!» жобасының түпкі нәтижесі руxани мұраны ұрпақ кәдесіне жарата отырып, ұлттық тұтастықты нығайту болуы тиіс, яғни бұл барша xалқымыздың басын қосып, жұдырықтай жұмылдыратын жоба болуы керек»,- деді министр Д. Абаев.
Жобаның мақсаты, төл өнеріміз - жыр-термелерді, күйді одан әрі дамытып, бүгінгі күн талабына сәйкес жаңашаландырып, өскелең ұрпаққа жеткізу. "Құлақтан кіріп, бойды алар, әсем ән мен тәтті күй", - дейді данагөй Абай. Ән десе ішкен асын жерге қоятын қазақ халқы музыка өнерін қатты құрметтейді. Еліміздегі той-томалақ әнсіз өтпейді. Әнсіз, тіпті, қазақты елестету де мүмкін емес.
Әрбір облыс орталықтарында арнайы іріктеу турлары өткізіліп, ең жүйріктілері Республикалық телевизиялық байқауға жолдама алады. Елімізге танымал термешілер, күйшілер мен жыршылардан құралған қазылар алқасы қатысушыларды іріктеп алады.
Байқауға 18 бен 40 жас аралығындағы, халық композиторларының және халық әндерін домбыра, қобыз, сырнай аспаптарының сүйемелдеуінде орындайтын өнерпаздар қатыса алады. Байқауға қатысатын үміткерлердің сахналық киімі қазақы үлгімен тігілген, бүгінгі заманға сай болуы керек.
Үміткерлердің тапсыратын құжаттары:
- жеке бас куәліктерінің көшірмесі;
- өмірбаяны;
- оқитын (оқушылар мен студенттер үшін), жұмыс істейтін жерінен анықтама;
- сапалы электронды нұсқадағы суреті;
- әр кезеңде орындалатын шығармалар тізімі.
Конкурсқа қатысушылардың өтініштері конкурстың басталуынан 20 күн бұрын жергілікті жердегі ұйымдастырушылардың электронды адресіне жіберілуі тиіс:
Байқаудың жеңімпаздары Астана қаласында бас қосып, бағдарлама аясында арнайы статуэткамен, сонымен қатар, «Жылдың ең үздік дәстүрлі әншісі», «Жылдың ең үздік термешісі», «Жылдың ең үздік күйшісі» және байқай лауреаты номинацияларымен марапатталады.
Айта кетейік, «Мен қазақпын» халықаралық байқаудың алғашқы іріктеу турлары 5 маусымда басталып, қыркүйек айында көзі қарақты көрермен назарына ұсынылады.
Жобаның бірінші тоқтайтын мекендері - Алматы мен Ақтөбе қаласы. Бүгінгі таңда «Қазақстан» РТРК» АҚ-да жобағы қатысты команда мүшелері айқындалды. Олар екі топ болып, еліміздегі 14 облыс пен 2 қала, яғни 16 өңірге шықпақ. Ал өңірде өткізілген іріктеулердің толық нұсқасы Қазақстан Ұлттық арнасының жергілікті арналарында көрсетіледі деп күтілуде. Қазақстан Ұлттық арнасының экранында өңірлік іріктеу тек 15 минуттық күнделік ретінде көрермен назарына ұсынылып отырады. Айта кетейік, «Мен қазақпын» жобасының продюсері Қуаныш Сұлтан мен эфирдегі күнделік жүргізушісі Аллажар Қайбар.