Қазақстан рухани дипломатияны нығайтудың маңызды үлгісі болды - Дүниежүзілік ислам лигасы
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан діндер мен мәдениеттер өкілдері арасында көпір орнатудың маңызды үлгісі болды. Бұл туралы елордадағы форумда Дүниежүзілік ислам лигасы Бас хатшысының орынбасары Абдулрахман әл-Зайд мәлім етті.
- Бүгін Қазақстандағы маңызды форумда кездесуге келдік. Қазақстан рухани дипломатияны нығайтудың, түрлі діндер мен мәдениеттердің өкілдері арасында көпір орнатудың маңызды үлгісі болды. Бұл маңызы жоғары форум бүгін сегізінші рет өтіп отыр және қазіргі әлемдегі негізгі идеологиялық оқиғалардың бірі саналады. Осы жиын өзінің нәтижесімен және мақсатымен бүкіл әлемнің назарын аудара бастады. Сонымен қатар, бұл форум көшбасшылардың қоғамдық келісімді нығайтуға және бүкіл әлемде бейбітшілік орнатуға бағытталған өркениеттік көзқарасын көрсетеді, - деді Абдулрахман әл-Зайд Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі хатшылығының XXIII отырысында.
Осы орайда ол Дүниежүзілік ислам лигасы бүкіл әлемде бейбітшілікті нығайту, мемлекеттердің қоғамында келісім орнату үшін ұжымдық жұмысты жалғастыруға мүделлі екенін атап өтті.
- Біз қарулы қақтығыстарға себепші болған барлық көріністі айыптаймыз. Бейбітшілік жолындағы әріптестерімізді, барлық дін өкілдерін ынтамақтастық орнатуға шақырамыз, - деді.
Бұл тұрғыда Дүниежүзілік Ислам Лигасы Бас хатшысының орынбасары Украина мен Ресей арасындағы қақтығысты тоқтатуға, Газадағы мәселені шешуге бар күш-жігерді салу керек екенін айтты. Осы орайда Газа бойынша барлық халықаралық міндеттемелер орындалуы тиіс.
Айта кетейік, БҰҰ мәліметінше, Газада мерт болған палестиналықтар саны ресми көрсеткіштен 10 есе көп.