Қазақстанда SAF авиациялық отынын өндіретін зауыт салынбақ

Фото: Энергетика министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Энергетика министрлігінде Вице-министр Қайырхан Тұтқышбаевтың Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Еуропалық және Солтүстік Атлант аймақтық бюросының директоры Николя Ралло мырзамен кездесуі өтті.

Кездесуде тараптар авиация саласын тұрақты дамыту мәселелерін, соның ішінде Қазақстанда тұрақты авиациялық отын SAF (Sustainable Aviation Fuel) өндіру және енгізу перспективаларын талқылады.

Вице-министр атап өткендей, Қазақстан «жасыл» трансформация процесіне белсенді қатысып жатыр, жаңартылатын энергия көздерін және экологиялық тұрақты жобаларды дамытуға баса назар аударып отыр. Тұрақты авиациялық отын өндіру мен дамыту елдің авиация секторындағы шығарындыларды азайтудың маңызды бөлігі болмақ.

Энергетика министрлігі америкалық LanzaJet компаниясымен бірлесіп тұрақты авиациялық отын өндіру жобасын іске асыруға мүдделі. 

Қайырхан Тұтқышбаевтың айтуынша, отандық мұнай өңдеу зауыттары қысқа мерзім ішінде Jet A-1 маркалы авиаотын өндірісіне көшуге дайын.

Министрлік мәліметінше, бұдан бөлек, қазір отандық зауыттарда авиаотын өндіру көлемін 2026–2032 жылдар аралығында 1,7 млн тоннаға дейін арттыруды көздейтін ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Қазақстанда экологиялық авиаотын өндіретін зауыт салынатынын жазған едік.