Қазақстан самбошылары Азия чемпионатында 46 медальді жеңіп алды

ТАШКЕНТ. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - Қазақстан самбошылары Өзбекстан астанасында өткен Азия чемпионатын аяқтады. Жарыс қорытындысы бойынша ҚР спортшылары 46 медальді жеңіп алды.

Жұма, маусымның 4-і күні Ташкентте самбодан Азия чемпионаты аяқталды.

Жарыстың соңғы күні ең жас спортшылар өз шеберліктерін көрсетті. Атап айтқанда, Қазақстаннан барған спортшы Айжан Жылқыбаева (40 кг) және Айкүнім Түнтекова (52кг) алтын медаль алса, Жұлдыз Әбдіғалиева (44 кг), Қамқа Отабек (65 кг), Қаламқас Ахметова (70 кг), Анастасия Лисичкина (75 кг) күміс медальға ие болды, ал Еркежан Ертаева (48 кг), Жәния Құрманғалиева (56 кг), Ділдаш Күрішбаева (60 кг), Мухтабар Пулат (75 кг жоғары) қола медальдарды қанжығаларына байлады.

Сондай-ақ сайыс алаңына шыққан қазақстандық самбошылар Исатай Асқанбаев (52 кг), Жансай Смағұл (56 кг), Бақдәулет Сәбитов (60 кг) алтын медаль иегерлері атынды.

Азия чемпионатының соңғы кезеңінде жауынгерлік самбоның өкілдері өнер көрсетті. Жарыс қорытындылары бойынша, Қазақстанның спортшылары Бауыржан Құмаров (48 кг) пен Георгий Емельянинов (90 кг) алтын медальға ие болды.

Азия чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан командасының қоржынында түрлі деңгейлер бойынша жалпы саны 46 медаль, оның ішінде - 17 алтын, 14 күміс және 15 қола медаль бар.