Қазақстан сапалы етті Қытайға тасымалдайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстаннан Қытайға премиум санатындағы етті жеткізу шаралары биылға жоспарланып отыр. бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде тілшілермен кездесу барысында ҚР АШМ вице-министрі Гүлмира Исаева мәлім етті.

 «Бізде тиісті басымдықтар бар, яғни өнімді премиум санатта өткізе аламыз. Осы бағытта «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және ФАО-мен (БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы) бірлескен жұмыстар атқарудамыз. Бұл тұрғыда өндірісті сертификаттау жүйесі қажет. Біздің ет органикалық өнім ретінде өтуі үшін бұл шаралардың барлығын тезірек іске асыруға ниеттіміз. Сол кезде Қазақстаннан жеткізілген ет сапалы өнім ретінде қытайлық дүкен сөрелерінде сұранысқа ие болады»,-деді Г. Исаева.

Оның пайымынша, елімізден жеткізілген ет ҚХР-да дәмдік, органикалық сапасымен және құнарлығы жағынан өз сатып алушыларын табады. 

«Мәселен, органикалық еттің құны айтарлықтай жоғары. Қытайда бір келі еттің бағасы 6-8 доллар аралығында. Бұл қазақстандық өнім өндірушілер үшін өте жақсы баға»,-деді вице-министр.

Оның айтуынша, қазіргі кезде етті тасымалдау бойынша ҚХР-мен барлық келіссөздер жүргізілді. Шамамен жыл соңына дейін қазақстандық ет қытайлық дүкендердің сөрелерінде пайда болады.

«Қытайлық тараппен келіссөздер жүргізуде өте маңызды ілгерілеу болды. Осы ретте өнімді жеткізу биылдың екінші жартыжылдығында іске асатынын жақсы түсініп отырмыз. Бұл қадамдар алдағы екі айда жүзеге асыралы деп болжаудамыз, яғни барлық рәсімдер аяқталып, біздің фермерлер өнімді аталған елге жеткізетін болады»,-деді Г. Исаева.