Қазақстан сауаттылық деңгейі бойынша әлемнің 177 елі арасында 14-орында - БҒМ
Оған әлемнің 39 елінен 300 жетекші сарапшы қатысуда. Конференция білім беруді бағалау жөніндегі халықаралық қауымдастықтың мүшесі Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының 20 жылдығы аясында өткізіліп отыр. Бұл туралы ҚР БҒМ баспасөз қызметі хабарлайды.
Елбасы интерактивті дәрісінде білім беру қызметтерінің сапасымен байланысты Қазақстандағы адами капиталдың өсуіне ерекше назар аударған болатын.
ББХҚ конференциясы бастауыш, орта мектептерде, колледждер мен жұмыс орындарындағы білім беруді бағалаудың кез келген түрлерімен байланысты тұлғаларға арналған әлемдік форум. Қауымдастыққа мүше елдерде жылда конференциялар өткізіліп отырады. Осыған дейін Әзірбайжан, Ұлыбритания, Таиланд, Филиппинде өткен болатын.
Айта кетерлігі, Қазақстан білім беруді бағалаудың халықаралық қауымдастығын осындай кең құрамда алғаш рет қарсы алуда. 2007 жылғы қыркүйек айында Қазақстан ББХҚ қатысушы мүшесі болып кірді. 2010 жылғы тамыз айында өткен білім беруді бағалау жөніндегі халықаралық қауымдастықтың жиынында 2012 жылы кезекті 38-конференцияны өткізу үшін үміткер елдер қарастырылды. Таңдау Қазақстан Республикасына түсіп, жиынды Астана қаласында өткізу туралы шешім қабылданған болатын.
Қауымдастық мүшелерінің ынтымақтастық мақсаты білімді академиялық бағалаумен айналысатын ұйымдар арасындағы байланысты жетілдіру, білім беру мәселелерін шешу үшін бағалаудың жаңа технологияларын іздестіру, бағалау технологиясын жақсарту бойынша іс-шараларды өткізу және қатысушы елдердің білім беру құрылымдарына енгізу болып табылады.
Конференцияның ашылуында ҚР БҒМ білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Серік Ырсалиев білім беру сапасын бағалаудың қазақстандық жүйесінің жетістіктеріне тоқталып өтті.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан халықаралық рейтингіде оң нәтиже көрсетіп келеді. Қазақстан сауаттылық деңгейі бойынша әлемнің 177 елі арасында 14-орыннан көрінді.
«Қазақстан соңғы төрт жыл ішінде халықаралық сарапшылардың жоғары бағасын алып, Жапония, Ұлыбритания, Германия және т.б. елдерді озып, әлемнің 129 елінің арасында білім беруді дамыту индексі (БДИ) бойынша көшбасшы төрттік қатарына кірді», - деді ол.
Білім беру сапасы мен оның нәтижелерін бағалауды дамыту 2011-2020 жылдарға арналған ҚР білім беру сапасын дамыту бойынша Мемлекеттік бағдарламаның артықшылығы болып табылады.
«Елбасының тапсырмасы бойынша Қазақстан тарихында алғашқы рет білім берудің барлық деңгейлерінің сапасын бақылаудың бірыңғай жүйесі құрылды. Білім және ғылым министрлігі білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің 16 аймақтық департаменттерін қалыптастырды», - деп атап өтті С. Ырсалиев.
Білім беру сапасын бағалауға байланысты мәселелерді шешу үшін Қазақстанда білім беру сапасын бағалаудың Ұлттық жүйесі (БСБҰЖ) жұмыс жасайды.