Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан ортақ инновациялық хаб құру бастамасын көтерді. Ол отандық стартапшылар мен технологиялық команияларға Сауд Арабиясында ғана емес, Таяу Шығыс, Солтүстік Африкада кеңсесін ашып, шекарасын кеңейтуге мүмкіндік береді.
— Сол нарықта стартаптарымызды дамыту бойынша акселерациялық бағдарламалармен қатар, операциялық мүмкіндіктерін кеңейту үшін инвестициялық капитал тарту мүмкіндігі ашылады. Қуанышымызға орай, жасанды интеллект саласындағы көптеген компанияларымыз Сауд Арабиясында жұмыс істеп жатыр. Медициналық технологиялармен айналысатын компаниялар да бар, - деді Қаныш Төлеушин.
Инновациялық хаб 2024 жылғы қаңтарда жұмысын бастайды. Хаб құруда Сауд Арабиясы Цифрлық даму ведомствосындағы Цифрлық кәсіпкерлік орталығы серіктес болады.
— Бізде осы жобаға инвестиция құюды шешкен жеке сектор бар. Осыған ұқсас хаб Кремний алқабында да ашылды. Ол жақта 24 стартап белсенді жұмыс істеп жатыр, біреуі 1 млн доллардан астам қаржы тартты, - деп толықтырды ҚР вице-министрі.