Бұл туралы бүгін Астанада ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының отырысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлім етті.
«Былай қарасақ, біз өз ішімізде тек Қазақстаннан басқа ешкім бүркіт, қыран құстармен аңшылық жасамайтын болып көрінеді. Бірақ шынтуайтына келгенде, мұны тек көшпелі елдер ғана емес, Еуропаның елдері де өздеріне әлдеқайда еншілеп, бекітіп алды. Тізімге ілікпей қалған Қазақстан. 2010 жылы қыран құспен аңшылық жасау адамзаттың материалдық емес мұрасы тізіміне Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Испания, Франция, Моңғолия, Морокко, Катар, Словакия, Сирия, Чехия және Оңтүстік Корея мемлекеттері енген. Ал саятшылық 12 халықтың төл мәдени мұрасы деп танылған. Біз он үшінші ел ретінде енеміз», - деп атап көрсетті министр.
М.Құл-Мұхаммедтің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан 15-тен астам мәдени мұраны ЮНЕСКО тізіміне енгізу бойынша ұсыныстарды дайындауда. Ол тізімге ең бірінші болып - саятшылық, Наурыз мерекесі, Қырғызстанмен бірге айтыс өнері мен киіз үй, домбыра мен қобыз күйлері, Башқұртстанмен бірге сыбызғы күйлері енген. Сондай-ақ қазақтың «Қыз жібек» лиро-эпостық жыры енуі мүмкін.
«Мәселен, 2009 жылы Наурызды Үндістан, Иран, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан, Түркия сияқты жеті мемлекеттің атынан бүкіл дүниежүзілік тізімге қосқан. Бұл тізімде Қазақстан жоқ. Ол да біздің материалдық емес мәдени мұрамыздың бір бөлшегі ретінде ұсыныс дайындалып енгізіліп отыр», - деді М.Құл-Мұхаммед.
Айта кетейік, 2000 жылдан бері қарай ЮНЕСКО ұйымымен материалдық емес мұраның Бүкіләлемдік тізімі жасалуда. 2003 жылдан бері осы Конвенцияға дүниежүзінен 90-нан астам мемлекет қатысып отыр. 350-ден астам әлем халықтарының материалдық емес мұрасының тізімі жасалды. Бұл тізім жыл сайын толықтырылу үстінде. Енді осыған сәйкес, қазір Қазақстаннан қандай аталым бойынша осы тізімге құндылықтар енгізелетіні жөнінде ұсыныстар дайындалуда.