Қазақстан сайлау арқылы өзін тағы да әлемге танытты - Елбасы

АСТАНА. 8 сәуір. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Біз біріге отырып, дұрыс шешім қабылдадық», - деді бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде палата депутаттары ҚР Премьер-Министрі лауазымына Кәрім Мәсімовты тағайындауға келісімін бергеннен кейін сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Отырыс барысында қалың көпшіліктің сайлау барысында өзін қолдағаны үшін ризашылығын білдірген Елбасы: «Біз өткендегі қарқынмен референдум өткізетін болсақ, бізге оңай болмайтын еді. Себебі біз кеше ғана Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын басқарып, оның Саммитін өткіздік. Оның үстіне референдум өткізсек, осы халықаралық ұйымға төрағалығымызды қолдаған мемлекеттерді де жайсыз жағдайға қалдыратын едік. Сондықтан біз дұрыс шешім қабылдадық», - деді.

Президент сөзінде өзін әлемнің көптеген елдерінің басшылары құттықтап жатқандығын жеткізді. «Соның барлығы Қазақстанның сайлау арқылы өзін тағы да әлемге танытқандығының белгісі. Бұл елімізге әлемнің назарын аударып, инвесторлардың көптеп келуіне игі ықпал ететін жағдай. Әруақытта қандай шешім болса да, ойымыз елдің қамы болуы керек. Мемлекетте жағдай оңтайлы түрде өзгеріп тұруы керек. Халықтың әл-ауқаты аз да болса, оңалып отыруы керек. Сонда бізді халық та қолдайтын болады. Бізге ішіміздің бүтіндігін, тыныштығымызды ойлау керек. Көпұлтты халықтың арасындағы достықты ойлау керек», - деді Елбасы.