Қазақстан семсерлесуден кадеттер арасындағы Азия кубогында алтын медаль алды

Фото: ҰОК

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Қазақстан құрамасы семсерлесуден Өзбекстан астанасында өтіп жатқан кадеттер арасындағы Азия кубогының екінші күнінде бірқатар жүлде еншіледі. 

Еділ Құсман, Валентин Сладков, Евгений Токанов пен Мансұр Естеу рапирамен семсерлесуден командалық жарыста қарсыластарынан басым түсіп, алтын жүлдеге қол созды. 

Ал қылыш қаруымен айқасудан қыздар арасындағы командалық сайыста Қазақстан құрамасы екі жүлде иеленді. Найля Исхакова, Айғаным Какенова, Айша Сыздық пен Леона Югай күміспен күптелсе, София Андриянова, Арина Фролова, Айдана Қаратаева мен София Яковлева қола жүлдені қанағат тұтты. 

Рапирамен семсерлесуден Алуа Мұқанова жекелей сайыста үшінші орыннан көрінді. 

Бұған дейін семсерлесуден кадеттер арасындағы Азия кубогында Қазақстан үш медаль алғанын жазған болатынбыз.