Қазақстан шағын кен орындарының әлеуетін ашуда жаңа тетікті қолданады
АСТАНА. KAZINFORM — Атом электр станциясының құрылысы — таза энергияға және энергетикалық тәуелсіздікке қарай жасалған стратегиялық қадам. Бұл туралы Kazakhstan Energy Week — 2025 және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумында Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәлім етті.
— Бүгінде өмірлік қажеттілікке айналған цифрлық күн тәртібіне жеке тоқталғым келеді. Менің ойымша, бұл біздің өңірлік деңгейдегі артықшылығымыз саналады. Энергетика саласында жасанды интеллектінің рөлі орасан зор. Ол жаңа барлау әдістеріне, сондай-ақ өндіру, тасымалдау және өңдеу үдерістерін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Мұнай-газ саласында мұнай өнімдерінің қозғалысын қадағалайтын OilTrack платформасы, жер қойнауын пайдалануды автоматтандыруға арналған «Цифрлық келісімшарт» жүйесі жұмыс істейді. Ал «Мұнай мен мұнай өнімдерін цифрлық бөлу» жүйесі бақылау мен ашықтықты қамтамасыз етеді. Біз саланы технологиялық жаңғырту ісін жеделдетіп жатырмыз. Мұнай өндіруді арттыру әдістері, барлау және өндіруді цифрландыру, сондай-ақ деректерді талдауда жасанды интеллектіні пайдалану тек қолданыстағы кен орындарындағы өндірісті ұлғайтуға ғана емес, сонымен бірге шағын және орта кен орындарының әлеуетін ашуға да мүмкіндік береді, — деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, арнайы құрылған Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі инновация саласындағы стратегиялық бағдарымызды айқындайды, сондай-ақ цифрлық шешімдерді жедел енгізуді қамтамасыз етеді.
— Сонымен қатар энергияға деген сұраныстың артуы бізден қуат көздерінің ауқымды көлемін өндіруді талап етеді. Осыған байланысты сирек жер металдары мен уран кенінің маңызы арта түседі. Бұл ретте Қазақстан әлем елдеріне сенімді серіктес болуға дайын. Атом электр станциясының құрылысы — таза энергияға және энергетикалық тәуелсіздікке қарай жасалған стратегиялық қадам, — деді Үкімет басшысы.
Бұған дейін Олжас Бектенов Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі полимер өндіруші елге айналатынын айтты.