Қазақстан шахмат федерациясы ребрендинг пен бүкілқазақстандық турнир туралы мәлімдеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан шахмат федерациясы жаңа бетбұрыс кезеңін белгілейтін ауқымды ребрендинг туралы жариялады. Кешенді трансформация аясында ҚШФ жаңартылған фирмалық стилі мен стратегиялық тұжырымдамасын, сондай-ақ қазақ мәдениетінің бай мұрасына құрмет көрсететін жаңа логотипті ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: Қазақстан шахмат федерациясы
«Біз брендті қайта қарап, оны жарқын және есте қаларлық мағынасы мол дүниемен толықтырғымыз келеді. Өйткені жарқын бейнесіз ешқандай прогресс туралы айту мүмкін емес. Бәлкім, бұл XXI ғасырда баламасы жоқ жол шығар. Бұл бүгінгі күннің шындығы. Десе де, жасалған ребрендинг – аясы тар мақсат немесе жай ғана графикалық өзгеріс емес. Бұл біздің құндылықтарымыздың, эволюциямыздың және кемелдікке деген ұмтылысымыздың көрінісі», — деп атап өтті ҚШФ президенті Тимур Турлов.

Жаңартылған фирмалық стиль еліміздің мәдени тереңді мен болашаққа ашықтығын көрсететін дәстүр мен қазіргі заманның үйлесімі. Оның негізінде әл-ауқат пен молшылықты бейнелейтін, қазақ мәдениетіндегі даналықтың нышанымен және шахматтағы ерекше фигура – аттың бейнесімен тоғысқан ежелгі «Мүйіз» ою-өрнегі жатыр. Өткен мен бүгіннің ұштасуы Федерацияның Қазақстанды бай тарихи мұраның сақтаушысы ретінде ғана емес, шахматты дамыту үшін озық технологияларды пайдаланатын әлемдік қоғамдастықтың прогрессивті қатысушысы ретінде көрсетуге деген ұмтылысын білдіреді.


«Жалпы ребрендингтің ауқымына тек көрнекі бейнелер ғана жасырылмаған, оған ҚШФ жұмысындағы жүйелі өзгерістер, сондай-ақ біздің жұмысымыздың одан арғы жоспарлары да кіреді. Осы тұрғыда біздің федерациямыз кезең-кезеңімен ауқымды шаралар кешенін жүзеге асыруда. Солардың бірі – филиалдық желіні дамыту. Бұл өте маңызды мәселе. Ал осы филиалдар жергілікті жерлерде түрлі бағдарламаларды іске асыру кезінде жұмыстың негізгі құралына айналуы тиіс», — деп қосты ҚШФ президенті Тимур Турлов.

ҚШФ президентінің айтуынша, филиалдық желіні дамытудың маңызды қозғаушы күші республикалық «Шахмат керуені» жобасы болуы тиіс.

«Шахмат керуені» – Қазақстанның барлық өңірлерінде шахмат спортын насихаттауға бағытталған өршіл жоба. Жобаны әзірлеуде шабыттандырған Ұлы Жібек жолы болды, өйткені ол бүкіл әлем бойынша сауда-саттықпен қатар әртүрлі халықтардың мәдени және спорттық мұраларын алып жүрді. Қазақстан аумағындағы қалаларда «Шахмат керуенін» ұйымдастыра отырып, Федерация бас серіктес Freedom Broker-дің қолдауымен өңірлерде шахмат спортын нығайтуға және филиалдардың сенімді желісін құруға ұмтылады», — деп бөлісті ҚШФ атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.


«Шахмат керуені» аясында Қазақстанның 20 қаласында блиц бойынша ашық шағын турнирлер өтеді, оның шарықтау шегі ірі жүлде қоры тігілген гранд-финал болады. Өңірлік турнирлер 12 қыркүйекте Көкшетауда, 14 қыркүйекте Петропавлда, 18 қыркүйекте Қостанайда, 21 қыркүйекте Қарағандыда, 24 қыркүйекте Павлодарда, 26 қыркүйекте Семейде, 28 қыркүйекте Өскеменде, 2 қазанда Талдықорғанда, 4 қазанда Қонаевта, 7 қазанда Таразда, 9 қазанда Шымкентте, 11 қазанда Түркістанда, 13 қазанда Қызылордада, 18 қазанда Жезқазғанда, 22 қазанда Ақтөбеде, 25 қазанда Оралда, 28 қазанда Атырауда және 2 қарашада Ақтауда өтеді. Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары 10 қараша күні Түркістан қаласында өтетін гранд-финалда кездеседі.

«Әр қаладан үш қатысушы іріктеліп, олар гранд-финалға жолдама алады. Яғни, ақшалай сыйлық ұтып алуға мүмкіндіктері бар. Бірінші орынға 5 млнн теңге, екінші орынға 2,5 млн теңге, үшінші орынға 1 млн теңге қарастырылған. Шағын турнирлер қалай өтеді? Біз жаңа логотипі бар ерекше киіз үй болатын үлкен фургонды іске қосамыз. Біздің топ алаңға келіп, киіз үй тігіп, 20 адамға турнир өткізеді. Бұл іріктеуден өткендер. Осыдан кейін киіз үй бөлшектеліп, басқа қалаға орнатылады. Сонымен 20 қалаға саяхат жасаймыз» , - деп қосты Гүлмира Дәулетова.

ҚШФ бірінші вице-президенті, Азия шахмат федерациясының вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов өткен кезеңде федерация әлемдік шахмат картасында ойып орын алғанын атап өтті.


«Қазақстан бірнеше рет әртүрлі Әлем, Азия чемпионаттарының, Шахмат тәжі үшін матч сияқты маңызды оқиғалардың орталығына айналды. Біздің ребрендинг – бұл біздің өз алдымызға өршіл міндеттер қойған жаңа кезеңнің бейнесі. Мысалы, «Мектептегі шахмат» жобасы аясында біз үкіметпен, әкімдіктермен бірлесе отырып, 5 жыл ішінде бастауыш сынып балаларының 20%-на дейін қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұл елдегі шахматтың дамуына үлкен серпін береді және зияткерлік ұлттың қалыптасуына қосылған үлкен үлес болады», — деді ол.

Айта кетейік, ҚШФ Freedom Broker инвестициялық компаниясының қолдауымен Қазақстанда шахматты дамытуға бағытталған үлкен мақсат қойып отыр.