Қазақстан шахматшылары Олимпиадада үздік үштікке көтерілді

АСТАНА. KAZINFORM – Самарқандта өтіп жатқан 46-шы шахмат Олимпиадасының тоғызыншы турында Қазақстан әйелдер құрамасы Моңғолиямен тең түсіп, жалпы есепте үшінші орында келе жатыр, деп хабарлайды Спортты дамыту дирекциясы.

Фото: KazChess

Қазақстандық шахматшылар осы жарыстың басты сенсацияларының бірі саналып келе жатқан Моңғолия құрамасымен кездесті.

Алдымен үшінші тақтада Меруерт Камалиденова Хишигбаатар Баясгаланға жол берді. Артынша Бибісара Асаубаева Мунгунзул Бат-Эрденені жеңіп, есепті теңестірді.

Одан кейін Зарина Нұрғалиева тәжірибелі, 38 жастағы Батхуягийн Монгонтуулға есе жіберді. Шешуші партия екінші тақтада өтіп, Алуа Нұрман Мунхзул Турмунхийнді жеңді. Осылайша Қазақстан мен Моңғолия арасындағы матч 2:2 есебімен аяқталды.

– Қазақстан әйелдер құрамасы тоғыз турдан кейін 15 ұпай жинап, турнир кестесінде үшінші орында келеді. Команда алты кездесуде жеңіске жетіп, үш матчты тең аяқтады, – деп хабарлады Спортты дамыту дирекциясы.

Әйелдер арасында Олимпиадаға 189 команда қатысып жатыр. Тоғыз тур қорытындысында Қытай құрамасы 17 ұпаймен көш бастап тұр. Үндістан 15 ұпаймен екінші, Қазақстан 15 ұпаймен үшінші, Моңғолия да 15 ұпаймен төртінші орында. Тағы алты командада 14 ұпайдан бар.

Ерлер арасындағы бәсекеде Қазақстан құрамасы бастапқы рейтингте 16-орында тұрған Польшамен 2:2 есебімен тең түсті.

Денис Махнёв Ян-Кшиштоф Дудамен, Сауат Нұрғалиев Шимон Гумулярзбен тең ойнады. Даниал Сапенов Жан Малекке есе жіберсе, Алдияр Аңсат Якуб Зееманнды жеңді.

205 команда қатысып жатқан Open санатында Өзбекстан 16 ұпаймен көш бастап тұр. Үндістан мен Өзбекстанның екінші құрамасында 15 ұпайдан бар. Армения да 15 ұпай жинаған. Қазақстан құрамасы 12 ұпаймен 33-орында келеді.

10-тур ойындары ертең өтеді. 11 турдан тұратын шахмат Олимпиадасы 27 қыркүйекте мәресіне жетеді.

Айта кетейік, бұған дейін шахмат Олимпиадасында Қазақстан алтыншы жеңісіне қол жеткізгені хабарланды.