«Қазақстан» шахтасындағы өрт: жоғалған кеншілер табылуы мүмкін орындар анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қазақстан» шахтасындағы өрттен зардап шеккен кеншілерді іздеу жұмысы жалғасып жатыр. Мамандар табылмай жатқан жұмысшылардың болуы мүмкін деген орындарды анықтады. Бұл туралы ЖШС Қарағанды филиалы директорының бірінші орынбасары Геннадий Силинский мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жұмысшыларды іздеу 4 бөлімшенің көмегімен түні бойы жүргізілді. Сонымен қатар Жанна өндірісінде өрт сөндіру жұмысы қатар жүрді. Қабылданған іс-шаралар негізінде төрт бағыт бойынша тау-кен қазбалары зерттелді», - деді Геннадий Силинский видео түсініктемеде.

Оның айтуынша, іздеу шаралары 8 сағат 15 минутқа созылды, оның нәтижесінде тағы бір кеншінің денесі табылды. Қазір оны жер бетіне эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Екі бөлімшенің күшімен өртті сөндіру жұмысы жүргізілді. Негізгі конвейер көлбеуінің жалпы ұзындығы – 1990 метр. Бүгінде шамамен 40% төменнен жоғарыға өтті. Өндіріс аймағындағы өрт сөндіріліп, салқындатылды. Өрт ошағын жою бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта бұл өндірістің шамамен 40%-ы салқындатылған күйде. Жұмыс жалғасады. Кеншілер шыға алмай қалуы мүмкін екі аудан анықталды. Іздеу шараларын жалғастырамыз, қиынға соқса да барлау жүргіземіз, - деп толықтырды спикер.

Еске салайық, «Қазақстан» шахтасында өрт кеше, 17 тамыз күні сағат 10:05-те тұтанды.

Апат кезінде жер астында 227 кенші болды. 222 адамды жер бетіне жедел көтеру мүмкін болды, сегізі зардап шекті.

5 жұмысшының тағдыры белгісіз болды. Кейін олардың бірінің денесі табылды. Қалған 3 адамды іздестіру жалғасып жатыр.

Қарағандыдағы көмір шахтасында зардап шеккендердің арасында екі адам жансақтау бөліміне жеткізілгені туралы хабарлаған едік.

Айта кетейік, Президент «Қазақстан» шахтасында болған өрт себебін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.