Қазақстан шаңғышысы Әлем чемпионатының күміс жүлдесін еншіледі

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Чехияның Либерец қаласында өтіп жатқан шаңғы спортынан жасөспірімдер мен жастар арасындағы (23 жасқа дейінгі) әлем чемпионатында қазақстандық Анастасия Слонова күміс медаль алды.

«Аламан» агенттігінің жазуынша, 10 шақырымға еркін әдіспен жүгіру жарысында Слонова тек норвег Рагнхильд Хагадан ғана кейін қалды. Ал қола жүлде итальяндық Деборе Агрейтерге бұйырды.

Ал жасөспірімдер арасында сынға түскен бойжеткен Анна Стоян 33-орын алды. Ұлдар арасындағы 15 шақырымдық классикалық жарыста Роман Рагозин 13-ші, Сергей Малышев 20-шы орынға табан тіреді.

Сергей Малышев 10 шақырымдық еркін әдіспен жүгіру жарысында алтыншы орыннан көрінді.