Еліміздің оңтүстігіндегі «Қордай» шекара отрядына қарасты «Сортөбе» заставасының шекарашылары қазақ-қырғыз шекарасын бұзған 7 қытайлық азаматты ұстады. Оларға қатысты Қордай шекара отрядының тергеу бөлімі алдын ала Қылмыстық Кодекстің 392-бабының 1-тармақшасы бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында мемлекеттік шекара бұзушылардың жалпы саны 46 адам екендігі анықталды. Барлығы алғашқыда «Үрімші-Манас» бағытындағы ұшақпен қырғыз еліне келіпті. Жұмыс іздеген қытайлықтар одан кейін әлдебір ұйымдастырушылардың көмегімен қазақ-қырғыз шекарасынан өткен. Одан кейін олардың 39-ы Оңтүстік Қазақстан облысына сапар шеккендігі белгілі болды.
«Нелегал-2015» іс-шарасының аясында 20 мамыр күні қазақстандық шекарашылар Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және ішкі істер департаменттерінің қызметкерлерімен бірлесе отырып жедел іздестіру шараларын өткізді. Бірлесе өткізілген іс-шараның нәтижесінде 39 қытайлық азаматтың мекен-жайы анықталып, барлығы да қолға түсті.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.