Қазақстан шекарасында бірнеше заңсыз әрекеттің жолы кесілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан шекарашылары соңғы тәуліктерде еліміздің шекарасы арқылы заңсыз әрекеттерді жүзеге асырмақ болған бірнеше оқиғаның жолын кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз мәліметтеріне сілтеме жасап.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, Ақтөбе шекара отрядының «Әлімбет-авто» өткізу бекетінде шекарашылар ешқандай рұқсат қағаздарынсыз 10 тонна металл сынықтарын «МАЗ» автокөлігімен Ресейге алып өтпек болған 1984 жылы туған Ресей азаматын ұстады. Ұсталған азамат жүгімен бірге Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік кіріс департаментіне тапсырылды.

Сонда-ақ Қостанай шекара отрядының «Қайрақ-авто» бөлімшесінде шекара наряды елімізден Ресейге кетіп бара жатқан 26 жастағы қазақстандықтың жекеменшік «Жак» автокөлігінен қызыл кітапқа енгізілген жануар - арқардың басын тауып алды. Ұсталған азамат айғақ затымен бірге Қарабалық аудандық полиция бөліміне тапсырылды.

Қордай шекара отрядының «Қарасу» өткізу пунктінде кешкі сағат 19-00-дер шамасында екі бірдей «Мерседенс-бенс» жүк көлігінің әрқайсысынан 2000 килограмнан және «Хонда Одиссей» жүк көлгінен 500 кг ешқандай рұқсат қағаздарынсыз (жиыны 4500 кг) халық тұтынатын тауарлар табылды. Оларды Қазақстанға қарай алып кірмек болған 38, 34 жастағы екі қазақстандық және 38 жастағы Қырғыз Республикасының азаматы ұсталды. Тауарлар мен көліктер актіленіп Қордай аудандық Мемлекеттік кіріс департаментіне тапсырылды.

Осы отрядтың «Қордай-авто» өткізу пункітінде түнгі сағат 1-00-дер шамасында жекеменшік «Ниссан Тиана» автокөлігімен Қырғыз Республикасынан елімізге қарай, жалпы салмағы 468 кг кальянға арналған темекі өнімін заңсыз алып кірмекші болған Қырғыз Республикасының азаматы ұсталды. Автокөлігі жүгімен бірге актіленіп, Қордай аудандық мемлекеттік кіріс департаментіне тапсырылды.

«Сонымен қатар, таңғы сағат 5-00-дер шамасында 200 литрге жуық жанармайды «Мерседес-бенс» автокөлігімен елімізден заңсыз алып шықпақшы болған 30 жастағы Қырғыз Республикасының азаматы ұсталды»,-делінген хабарламада.