Қазақстан шетелдегі мыңнан астам жылжитын және жылжымайтын мүлік деректерін тексеріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан шетелдегі мыңнан астам жылжитын және жылжымайтын мүлік деректерін тексеріп жатыр. Бұл туралы Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков айтты.

Фото: publicdomainpictures.net

«Активтерді қайтару жөніндегі комитет деректердің кең ауқымымен жұмыс жасап жатыр. Еліміздегі және шетелдегі мыңнан астам жылжымалы және жылжымайтын мүлік объектілерінің деректері зерделеніп отыр. Банк шоттары мен транзакциялар бойынша мәліметтер талдануда. Оның ішінде 1,5 трлн теңгеге шекті және күдікті операциялар бар. Бірқатар кәсіпорынды сату туралы, жер қойнауын пайдалануға жасалған келісімшарттардың, бағалы қағаздар және ірі компаниялардағы үлестерге қатысты мәмілелердің заңдылығы тексеріліп отыр. Нәтижелері бойынша жеткілікті негіздер болып жатқан жағдайда комиссияның мақұлдауымен активтерді қайтару жөніндегі шаралар қолданылатын болады», - деді комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Фото: ОКҚ

Оның атап өтуінше, комитет ұрланған активтерді қайтару жөнінде Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Дүниежүзілік банктің СтАР бастамасымен өзара іс-қимыл жасалған. Интерполдың «Күміс бюллетень» және «Күміс хабарлама» атты активтерді қайтарудың жаңа құралын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына белсенді қатысқан. 

«Еуропа кеңесі комитет үшін үлкен деректерді талдау және визуализациялау бағдарламасын сатып әперді. ГЛОБИ жаһандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы жедел желісіне мүшелікке кірдік. Ақпаратпен алмасу арнасын орнаттық. Біріккен Ұлттар Ұйымы Есірткіге және қылмыстылыққа қарсы басқармасының қолдауымен активтерді қайтару тетіктерін жетілдіру, комитет қызметкерлері үшін оқыту тренингтерін ұйымдастыру бойынша бірқатар шаралар іске асырылып отыр. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымымен бірлесіп, активтерді қайтару бойынша кешенді жоба әзірлеу пысықталып жатыр», - деді Нұрдәулет Сүйіндіков.