Қазақстан шетелдік және қазақстандық жұмысшылардың еңбекақы төлеміндегі теңсіздікті ерекше бақылауға алмақ

АСТАНА. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi шетелдік және қазақстандық жұмысшылар арасындағы еңбекақы төлеміндегі теңсіздік мәселесін ерекше бақылауға алмақ.

Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында министрліктің Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Серікқали Бисақаев мәлім етті.

Қазіргі уақытта елдегі жағдайды саралау мақсатында министрлікте арнайы жұмыс тобы құрылды. Сонымен қатар, диспропорцияны азайту бойынша ұсыныстар жасалынады. Бұл мақсатта мүдделі мемлекеттік органдар мен әлеуметтік әріптестерді жұмысқа тарту жоспарланып отыр. Оның жұмысы барысында заңнаманы сақтамайтын кәсіпорындар тізімі жасалады. Жергілікті құрылымдарға тексеру нәтижесінде анықталған әрбір диспропорция фактілерін қарастырып және ықпалды шара қолданылуы тапсырылған.

«2012 жылы аймақтық департаменттердің еңбек инспекторлары 17 мың. тексеру жұмысын жүргізді, оның ішінде шетелдік 1279 ұйым бар. Сондай-ақ, 4621 шетелдік ұйымдардың қатысуымен жұмыс істейтін мекемелерде еңбек заңнамасының тәртібі сақталмаған, оның ішінде еңбекақыдағы диспропорцияның 127 фактісі анықталған. Кейбір мекемелерде тіпті қазақстандық және шетелдік қызметкерлер арасында 10 есе айырмашылық байқалған» - деп атап өтті комитет басшысы.

С.Бисақаевтың айтуынша, қазақстандық және шетелдік жұмысшылардың еңбекақысында диспропорция анағұрлым көп кездесетін фактілер елдің батыс өңірлеріндегі шетелдік мұнай команияларында жиі анықталады екен.