Қазақстан шетелдіктер асырап алған бала кәмелетке толғанға дейін, оған қатысты қос азаматтықты мойындайды - Ж. Түймебаев

АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан шетелдіктер асырап алған бала кәмелетке толғанға дейін, оған қатысты қос азаматтықты мойындайды.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияға қосылуы және ратификациялауы туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шетелдік азаматтар асырап алған қазақстандық бала 18 жасқа толғанға дейін Қазақстанның да азаматы болып табылады. Бұл жөнінде арнайы заң нормасы да бар. Осыған орай, Қазақстан шетелдіктер асырап алған бұндай балаларға қатысты қос азаматтықты мойындайды. Яғни, шетелдіктер асырап алған бала кәмелеттік жасқа толғаннан кейін тұрақты тұратын елін өзі таңдауға құқылы. Аталған мәселеге қатысты ҚР Конституциялық Кеңесі Сыртқы істер министрлігіне осылайша түсінік берген болатын», деді Ж. Түймебаев.

Министрдің айтуынша, Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияға 52 мемлекет қол қойып, 76 мемлекет ратификациялаған. Сонымен бірге, шетелдік бала асырап алудағы жалпы үлесі жоғары Ирландия, Ресей мемлекеттері де аталған конвенцияға қол қойған. АҚШ бұл Конвенцияға 1994 жылы қол қойып, 2008 жылы сәуірде ратификациялады. «Конвенция заңнаманың ұлттық, құқықтық өкілеттігін шектемейді. Осыған байланысты Қазақстанның Конвенцияға қосылып, оны ратификациялауы еліміздің қолданыстағы «Неке және отбасы туралы» заңына қайшы келмейді», деді министр.