Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуы кезінде Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізудегі іркілістер аясында бірқатар шетелдік әуе компаниялары рейстер санын қысқартып, отынды үнемдеу шараларын қолға алды. Осындай жағдайда Қазақстан азаматтық авиацияны авиаотынмен қалай қамтамасыз етіп отырғанын білу үшін Kazinform агенттігінің редакциясы Энергетика министрлігіне сауал жолдады.
Ведомствоның жауабына сәйкес, қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары жыл сайын шамамен 750 мың тонна авиациялық отын өндіреді. Бұл көлем ішкі нарықтың сұранысын толық жабады.
Өндірістің ең үлкен үлесі жылына 315 мың тонна шығаратын Шымкент мұнай өңдеу зауытына тиесілі.
Атырау мұнай өңдеу зауыты жылына 215 мың тонна, ал Павлодар мұнай-химия зауыты 220 мың тонна авиаотын өндіреді.
Энергетика министрлігі өндіріс көлемі бензин мен дизель отынына деген нарық сұранысына байланысты өзгеруі мүмкін екенін атап өтті.
— Авиаотын өндірісі халыққа, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге, жолаушылар автобустары мен пойыздарына, азық-түлік, астық және құрылыс материалдарын тасымалдайтын жүк пойыздарына қажетті әлеуметтік маңызы бар әрі сұранысқа ие АИ-92 және одан жоғары маркалы автобензиндер мен дизель отынына деген қажеттілікке қарай да түзетілуі мүмкін. Автобензиндер, авиациялық отын және дизель отыны өзара байланысты мұнай фракциялары болғандықтан, бір өнім түрінің өндірісін арттыру екіншісінің көлемін азайтады, — делінген министрлік жауабында.
Қазақстан не үшін авиаотынды импорттайды?
Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, 2026 жылы авиаотынға деген жалпы қажеттілік 1,2 млн тоннаға бағаланып отыр. Оның ішінде шамамен 680 мың тоннасы ішкі нарыққа қажет болса, тағы 520 мың тоннасы транзиттік және жүк әуе тасымалдарына қызмет көрсету үшін қажет.
Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары отандық азаматтық авиацияның қажеттілігін толық қамтамасыз ететіндіктен, қосымша импорт негізінен Астана мен Алматы әуежайлары арқылы өтетін халықаралық транзиттік рейстерге қызмет көрсету үшін қажет.
Жалпы алғанда, авиациялық отын Ресейден, Беларусьтен, Қытайдан және Түрікменстаннан импортталады.
— Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім аясында жыл сайын индикативтік балансқа қол қойылады. Онда 300 мың тонна көлемінде авиаотын импорттау көзделген. Қажет болған жағдайда бұл көлемді 500 мың тоннаға дейін арттыруға болады, — деп хабарлады министрлік.
Энергетика министрлігінің дерегінше, 2025 жылғы желтоқсаннан бері Алматы әуежайы маңындағы жеке терминалға Қытайдан 1230 тонна Jet-3 авиаотыны жеткізілген.
Ведомство сондай-ақ авиаотын импортына қосылған құн салығының (ҚҚС) алынып тасталуы және үшінші елдерден әкелінетін авиаотынға қатысты Еуразиялық экономикалық комиссия бекіткен нөлдік кедендік баж мөлшерлемесі жеткізілімдерді ынталандырғанын атап өтті.
Бұған дейін Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты туындаған энергетикалық дағдарыс аясында Lufthansa әуе компаниясы 2026 жылдың маусым-қазан айлары аралығында шамамен 20 мың рейсті тоқтатуды жоспарлап отырғаны хабарланған болатын.