2024-2026 маркетинг жылына рекордтық астық экспорттадық – Айдарбек Сапаров
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан астығы әлемнің 45 еліне экспортқа шығарылады. Бұл туралы жыл қорытындысына орай БАҚ өкілдерімен кездескен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.
- 2025 жылғы 11 айдың қорытындысында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 6,1 пайызға өсіп, 9,2 трлн теңгені құрады. Бұл өсім мал шаруашылығында өндіріс көлемінің - 3,5, ал өсімдік шаруашылығында 7,5 пайызға артуы есебінен қамтамасыз етілді, - деді Айдарбек Сапаров.
Оның айтуынша, 2024 жылдың рекордық өнімі астық пен ұн экспортына әсер етті.
- 2024-2025 маркетинг жылының қорытындысында Қазақстан рекордтық 13,4 млн тонна астық, ал жемдік ұнды қоса алғанда 15 млн тоннадан астам өнім экспортқа шығарды. Қалғаны елдің ішінде мал азығына, қайта өңдеу мен тұқымға пайдаланылды. Жаңа өнімнен бүгінде 3,9 млн тонна астық экспортталды. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 13,6 пайызға көп. Экспорттық әлеует 13 млн тоннаға жетеді, ал экспорт географиясы әлемнің 45 елін қамтиды, - деді министр.
Осыған дейін бидай мен жүгері өңдеу саласына 2,6 млрд доллар инвестиция тартылатыны туралы жаздық.