Қазақстан шикізат сатпай, одан дайын өнім шығаруы керек – канадалық профессор

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның табиғи ресурстарын сол күйінде экспорттаудан гөрі, оларды өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығаратын өндірісті дамыту қажет. Бұл туралы Канаданың Британдық Колумбия университетінің профессоры Юсуф Алтинтас айтты.

Фото: Камила Мүлік/Kazinform

Ғалымның пікірінше, Қазақстан үшін өндірістегі негізгі басымдықтардың бірі — мұнай, темір кені және басқа да табиғи ресурстарды дайын өнімге айналдыратын өңдеу өнеркәсібін қалыптастыру.

— Табиғи ресурстарға қосымша құн қосу керек. Мұнайды шикі күйінде сатпай, мұнай-химия өнімдеріне айналдыруға болады. Мысалы темір кенін болатқа, ал болатты трактор, машина, локомотив сияқты өнімдерге айналдыру қажет, — деді Юсуф Алтинтас.

Оның айтуынша, ең бірінші жалпы өндірістік және машина жасау базасын қалыптастыру қолға алынса, өндіріс кейін теміржол, мұнай-химия, энергетика және басқа да салаларға қажетті бөлшектер мен жабдықтарды шығара алады.

— Машина жасау — өте кең сала. Оның ішінде инженерияның көптеген бағыттары бар. Егер механикалық өнімдер шығара бастаса, пойыз, локомотив, трактор және түрлі машиналар жасауға мүмкіндік туады. Алдымен жалпы өндірістік база қалыптасуы керек, — деді профессор.

Ғалым шағын өндірістен бастап, оны біртіндеп кеңейтуге болатынын атап өтті. Оның сөзінше, қазіргі таңда бірнеше CNC машиналары мен роботтандырылған жүйеден тұратын шағын кәсіпорынның өзі өндірісті бастап, нарыққа алғашқы өнімдерін шығарып, кейін ауқымын жылдам ұлғайта алады.

Ол бұл бағытта Қытай мен Түркияның тәжірибесін мысалға келтірді. Профессордың айтуынша, 1991 жылы Қытайға барған кезде елдің өндірістік деңгейі қазіргі жағдайымен салыстырғанда әлдеқайда төмен болған. Алайда ұзақмерзімді және жүйелі жоспарлау нәтижесінде Қытай бүгінде әлемдегі жетекші өндірістік державалардың біріне айналды.

— Қытай үкіметі бір жылдық, бес жылдық, он жылдық және ұзақмерзімді жоспарлар жасап, оларды тәртіппен жүзеге асырды. Соның арқасында ел үлкен жетістікке жетті, — деді Юсуф Алтинтас.

Профессор Түркиядағы өндіріс компанияларының бірін де мысалға келтірді. Оның айтуынша, бұл кәсіпорын 24 жыл бұрын бір инженер мен бір машинадан құралған шағын ұжым ретінде жұмысын бастаған. Қазір компания Еуропа, АҚШ және әлемнің басқа да нарықтарына авиация мен реактивті қозғалтқыштарға арналған бөлшектер жеткізетін жаһандық өндірушіге айналған. Кәсіпорында 1,5 мыңға жуық адам жұмыс істейді, оның 500-і өндірістік инженерлер.

Юсуф Алтинтас Қазақстанның табиғи ресурстарға бай болуы елге үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның пікірінше, мұнайдан түсетін кірісті жаңа технологиялар мен өндірісті дамытуға бағыттау елдің экономикалық әлеуетін бірнеше есе арттыра алады.

— Қазақстанда мұнайдан түсетін жақсы табыс бар. Егер осы табиғи ресурстардан түсетін кірісті технологияға айналдырсаңыздар, ел өте үлкен жетістікке жете алады. Бірақ табиғи ресурстар мен одан түсетін қаржыны технологияға айналдырмай жұмсап жіберу — дұрыс жол емес, — деді ғалым.

Айта кетейік, бұған дейін, елімізде машина өндірісі 22 пайыз өскенін жазған едік.