Қазақстан шынымен де газ өңдеуге тым кеш кірісті ме

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда соңғы жылдары газ өңдеу және газ-химия жобаларына ерекше көңіл бөліне бастады. Ілеспе газды өңдеу бағасы көтеріліп, жаңа газ өңдеу зауыттары салынып жатыр, полипропилен өндірісі іске қосылды. Атырау облысында құны 7,5 млрд доллар болатын полиэтилен жобасы қолға алынды. Алайда сарапшылардың көбі бұл жұмыстардың бәрі кем дегенде 10-15 жыл бұрын басталу керек еді деп есептейді. Бүгінгі материалда осы тезистің қаншалықты орынды екеніне назар аударамыз.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Жаңа баға моделі

Мемлекет жылдар бойы мұнай компанияларынан ілеспе газдың 1000 текше метрін 10 мың теңгеден сатып алатын. Мұндай бағамен газ өндіретін кәсіпорын салу компанияларға тиімсіз болды. Осыны ескерген мемлекет ілеспе газдың өндірісін ынталандыру үшін 1000 текше метрге 90-120 доллар» деген баға енгізді. Соның нәтижесінде бірнеше компания газ жобаларын қолға алды. Жылына 300-500 млн текше метр газ өңдейтін кәсіпорындар салына бастады.

Energyprom.kz мәліметіне сүйенсек, 2025 жылы Қазақстанда табиғи газ өндірісі рекордтық 68,1 млрд текше метрге жетті. Оның 40,6 млрд текше метрі мұнай өндіру кезінде алынған ілеспе газ болған. Яғни елде өндірілетін газдың шамамен 60%-ы мұнаймен бірге алынатын газға тиесілі.

Фото: Kazinform

Экологиялық стандарттар, халықтың өмір сүру сапасын газдандыру арқылы арттыру жобалары, газбен жүретін автомобильдердің көбеюі – мұның бәрі газға деген сұранысты арттырып отыр. Соның ішінде тауарлық газға деген сұраныс та қарқынды өсуде. Оңтүстік өңірлерде бу-газ қондырғылары салынып жатыр. Астананы газдандыру жобасы шарықтау шегіне таяды. Жергілікті индустрияны арзан газбен қамтамасыз ету жалғаса берсе, тапшылық ушыға түсуі мүмкін.

Бұл қауіп статистикадан да байқалып тұр. 2025 жылдың алғашқы 11 айында Қазақстандағы газға деген сұраныстың тек 48%-ы ғана отандық газ есебінен қамтамасыз етілген. Импорт көлемі бір жылда 45,1% өсіп, 9,4 млрд текше метрге жетті. Оның 9,1 млрд текше метрі Ресейден жеткізілген.

Бір жағынан Қазақстан Қытай бағытына газ тасымалын арттыру үшін Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырының екінші тармағын салып жатыр. Оның сыйымдылығы жылына 15 млрд текше метр болады. Бұл сыйымдылық экспорт есебінен толтырыла ма, транзит есебінен толтырыла ма, уақыт көрсетпек. Өйткені, ресми статистика бойынша, 2025 жылдың 11 айында Қазақстан газ экспортын 32,3% арттырып, 10,3 млрд текше метрге жеткізді. Оның 4 млрд текше метрі Қытайға, 6,3 млрд текше метрі Ресейге жөнелтілген.

Қытайға сатылған газ бағасы 1000 текше метріне 230 долларға жуық болған. Сонда Қазақстан газының ішкі нарықтағы бағасы 120 доллар, экспорт бағасы 230 доллар деуге болады. Елдің батысынан Қытайға дейін тасымалдау шығыны 1000 текше метріне 70 доллардай болады десек, мұндай формула елдегі газ индустриясын дамытуға қауқарлы ынталандыру шарасы бола алады.

Қазір ішкі газ нарығындағы теңгерімді QazaqGaz ұлттық компаниясы бірыңғай сатып алушы ретінде сақтап отыр. Жазда экспорттайды, жылыту маусымы қызған шақта экспортты тоқтата тұрады.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Осындай теңгеріммен отырғанда қолға алынған жобаларға шикізат табу да оңай шаруа емес. Теңіз кенішінен алынған пропаннан жылына 500 мың тонна полипропилен шығаратын KPI зауыты жұмыс істеп тұр. Ал Атырау облысындағы газ сұрыптау қондырғысына жылына 9 млрд текше метр құрғақ газ жеткізу туралы келісім болды. Бутадиен жобалары іркіліп тұр.

Сарапшылардың көбі полипропилен, полиэтилен жобаларын осыдан 10-15 жыл бұрын бастау керек еді дегенді жиі айтады. Өйткені осы аралықта бір тонна полипропиленнің бағасы 3000 доллардан 1500 долларға дейін түскен.

QazaqGaz бен мемлекет «газды өңдеп сатудан орасан пайда таппасақ та, отын ретінде жағып жібермей, пластик шығаратын өндіріс ұйымдастыра алуымыз керек» деген ұстанымда. Өйткені бәрібір пластик импорттау арқылы ақшаның бір бөлігі сыртқа кетіп жатыр. Мысалы, Қазақстан 2024 жылы пластмассадан жасалған дайын бұйымдарды импорттауға 3,4 млрд доллар жұмсаған.

Рас, бұлардың бәрі мұнай сияқты экономикаға аса үлкен пайда әкелетін жобалар емес. Мысалы, сарапшылар «Теңіз» операторлары полипропилен жобасының орнына пропанды экспорттаса, тоннасына шамамен 500 доллар пайда табатынын айтады. Ал KPI (Kazakhstan Petrochemical Industries – Атырау облысындағы полипропилен өндіретін мұнай-газ химиясы зауыты) зауытына 220-250 доллардан тапсырады. KPI арнайы экономикалық аймақта болғандықтан салықтан босатылған. Соның өзінде жоба толық жобалық қуатына әлі шыққан жоқ.

7,5 млрд долларлық полиэтилен жобасына қажетті шикізат – этан газы. Жылына 9 млрд текше метр газ өңделіп, одан шамамен 1,6 млн тонна этан мен пропан алынбақ. Оның шығынын ақтау оңай емес болғандықтан, «ҚазМұнайГаз» жобаны негізінен өзі қаржыландырмақшы.

Зауыттан бөлек 200 шақырымдық пропан және этан құбырын тарту керек. Қытай тарапынан бұл жобаға EPC келісімшарт арқылы инвестор тартылды. Олар өздері қаржы салып, өздері зауытты іске қосып, кейін 10-15 жыл ішінде тариф арқылы шығынын қайтарып алуға дайын.

Тыңайтқыштар индустриясы

Қанша кеш қалды дегеннің өзінде бұл жобалар экономиканың басқа салаларын дамытуға керек. Қазақстан қазір жылына 200-220 мың тонна полиэтилен импорттап отыр. Жалпы Қазақстанның полимер өнімдері саудасында тұрақты теріс сальдо қалыптасқан. Кейбір санаттар бойынша импорт көлемі экспорттан он еседен де көп. Мысалы, пластмасса және резеңке өнімдерінің экспорты 104 млн долларға жетсе, импорт көлемі 1,14 млрд доллар болған. Сол импортты алмастыру арқылы арзан шикізат негізінде полиэтиленнен жасалатын бұйымдар өндірісі дамиды.

Фото: ПІБ

KPI жобасы бойынша жергілікті нарықтағы полипропилен бағасы шамамен 1000-1100 доллар болса, Қытайға кетіп жатқан өнімнің бағасы 900 доллар деңгейінде. Сонда бұл жобада экспорттан гөрі жергілікті нарық тиімді болып тұр. Оның үстіне жоба тек өнім өндіру үшін емес, шағын және орта бизнесті дамыту үшін де қажет. Қазір Қазақстанда полимер өңдеумен айналысатын мыңнан астам кәсіпорын тіркелгенімен, олардың тек 170-і ғана тұрақты жұмыс істейді.

Қазір газдан алынатын ең өтімді өнімдердің бірі – карбамид. Одан минералды тыңайтқыш өндіріледі. Ормуз бұғазы төңірегіндегі шиеленіс тапшылықты ушықтырып кетті. Бұл өнімге сұраныс онсыз да жоғары болатын. Өйткені тыңайтқыш нарығындағы негізгі ойыншылардың бірі саналатын Ресей мен Украина арасындағы соғыс логистикалық тізбектерді өзгертті.

Соны ескерген инвесторлар Қазақстанға карбамид өндіретін төрт жобаны ұсынып отыр.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов 4 жобаның бәрін іске асыруды қажет жоқ дегенді айтып жүр.

Фото: facebook.com/N.Zhumagulov

- Мұндағы негізгі мәселе сұраныста емес, шикізатта. Газ тапшылығының алдын қалай аламыз деп отырғанда бірдей жобаға шикізат тауып беру қиын шаруа, - дейді ол.

Global Market Insights бағалауынша, әлемдік тыңайтқыш нарығының көлемі 2024 жылы 207,2 млрд доллар болған. Сарапшылар 2034 жылға қарай бұл көрсеткіш 268,2 млрд долларға дейін өседі деп болжап отыр. Қазір әлемдегі ең ірі нарық Қытайға тиесілі. 2024 жылы Қытайдың тыңайтқыш нарығы 44,8 млрд долларға бағаланған.

Бұған дейін Қазақстанда 2035 жылға дейін жаңа мұнай-газ кен орындарын игеру жоспары әзірленгенін жазған едік.