Қазақстан ШЫҰ-ны жаңа қауіп-қатерлерге бейімдеуді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысты, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Делегация басшылары қазіргі халықаралық ахуал жағдайында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси үйлестіруін одан әрі тереңдету мәселелері бойынша пікір алмасты, сондай-ақ 2026 жылғы 1 қыркүйекте Бішкек қаласында өтетін алдағы ШЫҰ саммитіне дайындық барысын талқылады.

Е.Көшербаев өз сөзінде өңірлік қауіпсіздікті нығайту мен көпсалалы ынтымақтастықты дамытудағы ШЫҰ-ның ерекше рөлін атап өтіп, Қазақстанның Ұйым қызметін қолдауды өзгеріссіз жалғастыратынын растады.

Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы ШЫҰ-ны одан әрі жетілдіру және оның институттарын қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге бейімдеу қажеттілігіне ерекше назар аударды.

ҚР Сыртқы істер министрі халықаралық ахуалдың қарқынды өзгеруі жағдайында жаһандық экономиканың орнықтылығы мен халықаралық сауданың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері ерекше өзекті болып отырғанын атап өтті.

-Әскери сипатқа ұласып отырған геосаяси тұрақсыздық сауда қатынастарының орнықтылығына елеулі әсер етіп отыр. Бүгінде жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі, оның ішінде Қазақстан үшін де, барған сайын өзекті бола түсуде. Бұған энергетикалық инфрақұрылымға және Қазақстан мұнайын тасымалдау үшін жалға алынған танкерлерге белгісіз ұшқышсыз жүйелердің шабуылдары дәлел. Осындай жағдайда сауда бағыттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен күш-жігердің маңызы арта түседі, – деді Е.Көшербаев.

Бұған дейін мәлімделгендей, Қазақстан заңды халықаралық сауданы, жаһандық энергетикалық нарықтарды және халықаралық көлік-логистикалық жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін тұрақсыздандыруға бағытталған кез келген әрекеттерді мүлдем жол беруге болмайтын іс-әрекет ретінде қарастырады.

ҚР министрі ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі ретінде климаттың өзгеруіне бейімделу және су ресурстарын ұтымды пайдалану салаларындағы бірлескен жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын және ШЫҰ-ның Су проблемаларын талдау орталығын құру жөніндегі бастамаларға мүше мемлекеттердің қолдау білдіретініне сенім білдірді.

Отырыс қорытындысы бойынша ШЫҰ-ның тиімділігін арттыруға бағытталған негізгі құжаттардың жобалары, оның ішінде ШЫҰ-ның 25 жылдығына арналған Бішкек декларациясы мақұлданды.

Іс-шара аясында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен ұжымдық кездесуі өтті.

Кездесу барысында ШЫҰ шеңберіндегі көпсалалы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің, сондай-ақ Ұйымға мүше мемлекеттер халықтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асырудың маңыздылығы аталып өтті.

ҚР Сыртқы істер министрі Е.Көшербаев Қырғыз Республикасының ШЫҰ-ға төрағалығын одан әрі қолдауға дайын екенін білдіріп, Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттермен өзара тиімді әрі сындарлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілдігін растады.

Осыған дейін Қазақстан ШЫҰ елдері арасында мәдениет саласын цифрлық бағытта дамытуды ұсынған болатын.