«Қазақстан» шоколадында Туды бейнелеу қаншалықты заңды

Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп «Қазақстан» шоколадында мемлекеттік Туды бейнелеу қаншалықты заңды екенін айтып берді.

− «Қазақстан» шоколадының болғаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені бұл да Қазақстанның бір символы ғой. Бұл жерде мынаны түсінуіміз керек, Мемлекеттік Тудың өз стандарттары бар, оның орнаменті бар, оюдан кейін қанша сантиметрден кейін күн орналасуы керек, күннің айналасындағы әрбір шуақтың саны бар, түсі бар. Ал егер оның қандай да бір элементі, орнаменті болмаса, ол Ту болып есептелмейді. Шоколадта да «Қазақстан» деп жазылған, сосын күн салынған, көк түсте болған соң, Ту сияқты көрінеді. Бұл патриоттық сезімді тудыратын әдемі дүние, бірақ толыққанды Ту болып есептелмейді, − деді Сәкен Есіркеп тілшілерге берген сұхбатында.

Айта кетейік, елордада еріктілер тұрғындарға мемлекеттік рәміздер туралы викториналық сұрақтар қойып, естелік сыйлықтар табыстады. Көпқабатты үйлер терезесіне 300-ге жуық Ту ілінді. Сондай-ақ, үш мың Рубик текшелерінен алып Ту бейнесі жасалды. Ал бүгін кешке Бәйтерек монументі маңында «Домбыра party» өтеді.

− Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін рәміздерімізге қатысты талаптар қатаңдау болатын. Кез келген азамат туды өз балконына ілгенде мәселелер туындайтын. Бірақ соңғы екі жылда Мемлекет басшысы мемлекеттік Туды, рәміздерді кеңінен пайдалану керек, ел азаматтарының патриоттық сезімін еркін білдіруіне мүмкіндік сыйлау керек деген болатын. Бүгін қаламыздың ірі даңғылдары мен көшелерінде үй қасбеттері мен балкондарына Мемлекеттік Ту ілініп жатыр. Қала көшелеріне 1,5 мың көк жалауша ілінді. Сондықтан, әрқашан Туымыз төрімізде болсын, үйімізде, жүрген жерімізде туымызды насихаттап, көтеріп жүрейік, − деді С. Есіркеп.

Бұған дейін Қазақстан рәміздерін қорлағандарға қандай жаза қолданылатынын хабарлаған едік. Мемлекеттік рәміздерді орынсыз пайдаланғандар Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекс бойынша, ал қорлағандар – Қылмыстық кодекс бойынша жауапкершілікке тартылады.

Сонымен бірге, Астанада 3 мың Рубик кубигінен Елтаңба бейнесі құрастырылды.

Мемлекеттік рәміздері күні Астанада 500-ге жуық іс-шара өтеді.