Қазақстан Швейцарияға агроөнімдер экспортын кеңейтуге мүдделі

АСТАНА. KAZINFORM — 22 қазанда Берн қаласында Қазақстан Республикасы мен Швейцария Конфедерациясы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның (ҮАК) 12-отырысы өтті.

Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Қазақстан тарапынан комиссияға Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, ал Швейцария тарапынан Экономика жөніндегі мемлекеттік хатшылықтың (SECO) Екіжақты экономикалық қатынастар басқармасының басшысы, Федералдық кеңестің сауда келісімдері жөніндегі делегаты, Елші А. Раубер Заксер төрағалық етті.

Отырыс барысында тараптар Қазақстан Республикасы мен Швейцария Конфедерациясы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен оны дамыту перспективаларын талқылады, сондай-ақ екі ел тауарлар мен қызметтер саудасын одан әрі арттыруға мүмкіндік мол екенін атап өтті.

Қазақстан тарапы агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің, оның ішінде бал мен жануарлардан алынатын өнімдердің экспортын кеңейтуге мүдделі екенін растады. Осы міндетті іске асыру мақсатында Сауда және интеграция министрлігі «QazTrade» АҚ-мен бірлесіп, экспортқа бағдарланған отандық кәсіпорындарды іріктеу және швейцариялық импорттаушылар мен бөлшек сауда желілерінің талаптарын ескере отырып, нысаналы коммерциялық ұсыныстар әзірлеу бойынша шаралар қабылдамақ.

Тараптар 2026 жылғы 21 қазанда Цюрих қаласында Қазақстанның сауда-экономикалық миссиясы аясында Switzerland Global Enterprise (S-GE) ұйымы мен Бірлескен сауда палатасының (JCC) қолдауымен ұйымдастырылған Қазақстан-Швейцария бизнес-дөңгелек үстелінің қорытындыларын оң бағалады.

Инвестициялық ынтымақтастық саласында Қазақстан тарапы экономиканың басым салаларына, оның ішінде арнайы экономикалық аймақтарға швейцариялық инвестицияларды, озық технологиялар мен басқарушылық тәжірибені тартуға мүдделі екенін айтты.

Қазақстан тарапы швейцариялық компанияларды өнеркәсіптік кооперацияға және Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асыруға шақырды. Басым бағыттар қатарында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және заманауи агротехнологияларды енгізу, су ресурстарын ұтымды пайдалану, жаңартылатын энергетика, көлік-логистика және коммуналдық инфрақұрылым, сондай-ақ цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект аталды.

Қазақстан швейцариялық инвесторларға арнайы экономикалық аймақтардың мүмкіндіктерін ұсынуға және швейцариялық компаниялардың өнімдері мен технологияларын Қазақстан нарығында ілгерілетуге дайындығын білдірді. Сонымен қатар швейцариялық технологиялық компаниялар, инвесторлар, университеттер мен ғылыми орталықтар ерекше құқықтық режимі бар жаңа «ақылды» қала — Alatau City қаласын дамытуға қатысуға шақырылды. Атап айтқанда, қалалық цифрлық инфрақұрылым, қаржылық технологиялар және тұрақты қалалық шешімдер салаларындағы ынтымақтастыққа басымдық берілді.

Швейцария тарапы маңызды шикізат түрлері саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту, оның ішінде тиісті өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою жөнінде ұсыныс жасады. Сондай-ақ Team Switzerland Infrastructure платформасы мен Швейцарияның экспорттық тәуекелдерді сақтандыру агенттігінің (SERV) қолдауымен швейцариялық компаниялардың Қазақстандағы су шаруашылығы және қалдықтарды басқару, көлік пен логистика, қоғамдық көлік және энергетика салаларындағы инфрақұрылымдық жобаларға қатысу мүмкіндіктері талқыланды.

Тараптар Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Елшілігінің қолдауымен Шаффхаузен қаласында Қазақстан-Швейцария мәдени-іскерлік орталығының ашылуын құптады. Орталық екі ел арасындағы іскерлік және мәдени байланыстарды кеңейтуге арналған алаңға айналмақ.

Бұдан бөлек, ветеринария және жануарлардан алынатын өнімдердің екі ел нарығына қолжетімділігін қамтамасыз ету, ғылым және жоғары білім, зияткерлік меншікті қорғау, цифрландыру, киберқауіпсіздік пен жасанды интеллект, сондай-ақ қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелері қаралды.

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының «Ұлттық ядролық орталығы» РМК мен Швейцарияның радиоактивті қалдықтарды көму жөніндегі ұлттық кооперативі (NAGRA) арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі Жол картасына қол қойылды.

Кездесу соңында тиісті хаттамаға қол қойылды. Тараптар ҮАК-тің 13-отырысын Қазақстан Республикасында өткізу турасында уағдаласты. Оның мерзімі мен орны дипломатиялық арналар арқылы келісілетін болады.