Қазақстан шын мәнінде азат елге, айбынды мемлекетке айналды - Н.Назарбаев

None
АСТАНА. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстан шын мәнінде азат елге, айбынды мемлекетке айналды. Бұл туралы бүгін Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

«Тәуелсіздікке қол жеткізу де, оны баянды ету де оңай емес. Тәуелсіздікті нығайту үшін өткелі қиын, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді. Бұған тарлан тарихтан талай мысал табуға болады. Миллиондаған халқы болса да мемлекетсіз, табан тірер Отансыз жүрген ұлттар дүниеде аз емес. Баршаңыз білесіздер, екінші жаһандық соғыстан кейін көптеген елдер өз егемендіктерін жария етті», - деді Елбасы.

Бұл орайда Мемлекет басшысы туған топырақтарында еркін өмір орнату мақсатында болашаққа үмітпен қарап, үлкен жоспарлар жасаған көптеген елдердің болғанын, алайда олардың барлығы бірдей іс жүзінде берілген тарихи мүмкіндікті пайдалана алмағандықтарын баса айтты.

«Ендеше, азаттық алумен іс бітпейді екен. Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін заманға сай амалың болуы керек екен. Біз тәуелсіздігінен айрылып қалған елдердің тағдырынан тиісті қорытынды шығарып, тағылымы мол сабақ алдық. Ел бірлігін басты байлыққа балап, саяси тұрақтылықты экономикалық жетістіктермен ұштастыра білдік. Осылайша Қазақстан шын мәнінде азат елге, айбынды мемлекетке айналды. Іргемізді бекемдеп, байтақ шекарамызды халықаралық құжаттармен мызғымастай етіп бекіттік. Ашық аспанымызды қас қақпай күзететін айбарлы армиямызды құрып, келелі Конституцияны басшылыққа алдық», - деді Н.Назарбаев.