«Арлан» - минаға қарсы күшейтілген қорғаныспен көп қырлы броньдалған дөңгелекті көлік. Оның минаға қарсы қорғанысы жоғары. Кез келген қарудан атқан оқты дарытпайды. Салмағы 16 тонна, машина экипажы - 2 8 адам, ол жылдамдықты сағатына 120 шақырымға дейін арттырады.
Сондай-ақ жаттығуда жаңа Eurocopter EC-145 тікұшағы таныстырылды. Оның артықшылығы жайлы журналистерге экипаж командирі Алексей Аляев айтып берді.
«Тікұшақтың артықшылығы - үнемділігі. Сағатына 200 литр отын жұмсайды. Ұшу ұзақтығы - 715 шақырым. Бортта екі ұшқыштан басқа арнайы мақсаттағы жасақтың 8 жарақталған әскерін орналастыруға болады. ЕС-145 әлемдегі ең қауіпсіз тікұшақтардың бірі саналады», - деді А. Аляев.
«Тікұшақтарды құрастырумен Eurocopter Kazakhstan Engineering бірлескен кәсіпорны айналысады. Бұл әлемдегі ең заманауи ұшақтардың бірі, ол іздеу-құтқару жұмыстарын, басшылық құрамды, десанттық-көліктік тасымалдауды орындайды», - деп қосты қазақстандық қорғаныс ведомствосының өкілі.
Еске салсақ, ШЫҰ «Бейбіт Миссия-2016» жаттығуы 15 қыркүйектен бері Балықшы (Қырғызстан, Ыстықкөл облысы) қаласының маңындағы «Эдельвейс» әскери полигонының базасында өтіп жатыр. Оған Қазақстан, Ресей, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан әскери күштерінің бөлімшелері қатысуда.