Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ұлықтауға Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов қатысты.
Салтанаттың қарсаңында Қ.Әбдірахмановтың Иранның жаңадан сайланған Президентімен кездесуі болып өтті. «Бүгін Иранның ғана емес, сіздің еліңіздің барлық достарының өміріндегі айтулы күн. Сізді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан құттықтау мен үшін үлкен құрмет. Соңғы жылдар ішінде Сіз Қазақстан басшысымен бірлесіп екіжақты қатынастарды стратегиялық ынтымақтастық деңгейіне көтердіңіздер», - деді Қ. Әбдірахманов.
Қазақстандық министрдің айтуы бойынша, екі елдің сыртқы саясатының міндеті 2016 жылдың ішінде өткен Н.Назарбаевтың Тегеранға және Х.Руханидің Астанаға сапарларының шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтардың толық іске асырылуына барынша жәрдемдесу болып табылады. Транзиттік көлік саласындағы, туризм, ауыл шаруашылығы салаларындағы, кен өндіру саласындағы жобаларды сапалы жүзеге асырудың маңызы зор, - деді Қ. Әбдірахманов.
Министр Иран Президентін 10-11 қыркүйекте Астанада өтетін Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитіне жүргізіліп жатқан дайындық туралы хабардар етті және Қазақстан Президентінің бүкіл ислам әлемі үшін маңызды осы іс-шараға қатысуға шақыруын жеткізді.
Өз кезегінде Иран Президенті де екі елдің даму үстіндегі ынтымақтастығын қанағаттандық сезіммен атап өтті. «Президент Н.Назарбаев пен екеуіміздің арамызда екеуара достық және өзара толық түсіністік бар. Қазақстанның көшбасшысы - әлемде аса құрметті тұлға, ол бүкіл өңір үшін көптеген жақсы істер істеді», деп атап өтті Иран Президенті. Х.Рухани Астанадағы ғылым және технологиялар жөніндегі ИЫҰ саммитінің өткізілуіне ризашылығын білдірді және Иранның осы маңызды оқиғаға қатысатынына сендірді. Бұдан басқа, Х.Рухани терроризмге қарсы күресте ынтымақтастықтың қажеттігіне, Ирак пен Сирияның аумағынан лаңкестердің ығыстырылуы салдарынан оның таралуына жол бермеу керектігіне күмән жоқтығын айтты.
Президент мұнай бойынша СВОП операцияларын, Қазақстан-Түркменстан-Иран темір жол магистралын дамытуды, Каспийде теңізбен жүк және жолаушылар тасымалдарын жолға қоюды, сондай-ақ ауыл шаруашылығын қоса алғанда, барлық бірлескен экономикалық жобалар бойынша Иранның Қазақстанмен өзара тығыз іс-қимыл жасауға дайын екенін атап көрсетті. Каспий маңы мемлекеттерінің сауда, кеме қатынасы, экология салаларындағы ынтымақтастығы жемісті дамуда. Теңіздің құқықтық мәртебесімен байланысты бірқатар мәселелерді бірлесіп реттеу ғана қалды деді Х.Рухани.