Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен хабарлады.
Оркестр бағдарламасында концерттердің өтуі Бразилия мен қоса Аргентинада да жоспарланған. Бұл іс-шаралардың басты мақсаты - Қазақстанның Бразилия және Аргентинамен мәдени байланыстарын одан әрі нығайту мен кеңейту, сондай-ақ бразилиялықтар мен аргентиналықтарға Қазақстанның мәдениеті мен өнерін насихаттап, кеңінен таныстыру.
Оркестр солисі - «Болашақ» Президенттік бағдарламасының иегері, Лондон қаласының Корольдік музыка Академиясының түлегі, халықаралық конкурстардың лауреаты, талантты қазақстандық скрипкашы Ғалия Бисенғалиева болса, дирижерлікті белгілі француздық дирижер Николя Крауз атқарады.
Рио-де-Жанейро қаласынан басқа концерттер Аргентинаның Буэнос-Айрес, Розария және Кордоба сияқты ірі қалаларында өз жалғасын табады. Атап айтқанда, Буэнос-Айресте концерт тек Латын Америкасында ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемге әйгілі «Колон» театрында өтеді.