Қазақстан сирек металл өндірісінің 4 бағытына басымдық бермекші
АСТАНА. KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Олжас Сапарбеков Үкімет отырысында сирек металл өндірісін дамытудың басым бағыттарын атады.
Премьер-министр Олжас Бектенов вице-министрден сирек металл саласын дамыту қалай ұйымдастырылып жатқанын сұраған.
Олжас Сапарбеков бұл бағыттағы жұмыстар Президент тапсырмасының аясында атқарылып жатқанын еске салды.
- Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 2024-28 жылдарға арналған сирек және сирек жерде сирек кездесетін металдар саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылданып, іске асырылып жатыр. Геологиялық барлау бойынша сирек металға қатысты 11 учаскеде іздеу жұмыстары аяқталып, Құйрықтыкөл перспективалы кен орны анықталды. Ал өндіріс саласына келсек, елде 8 кәсіпорын жұмыс істеп, бірегей өнім шығарады. Өндірістік мүмкіндіктер мен әлемдік сұранысты ескере отырып, 4 бағыт айқындалды. Бірінші – батарея материалдары. Екінші – ыстыққа төзімді қорытпалар. Үшінші – жартылай өткізгіш материалдар және төртінші – тұрақты магниттер, - деді ол.
Сондай-ақ ол Қазақстан бұл салада Еуроодақ елдерімен, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Қытай, Жапония сияқты мемлекеттермен серіктестік орнатып жатқанын еске салды.
Сирек металл Қазақстан үшін екінші мұнай болуы мүмкін деген дәмелі болжамдарды жиі еститін болдық. Бұл болжамдар да кезінде «қара алтынның» буымен айтылып кеткен «Келешекте Дубайдағыдай өмір сүреміз» деген атышулы популистік ұранның аяғын құшпайтынына кім кепіл? Сирек металл индустриясы мұнай-газ өнеркәсібінің қателігін қайталап жүрмей ме? Агенттік тілшісі осы сұраққа жауап іздеп көрді.