Қазақстан Сирия келіссөздерін өткізуге дайындалуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мамыр айында елордада өтетін Сирия бойынша келіссөздерге дайындық үстінде. Бұл туралы  бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз сириялық жанжалды бейбіт жолмен реттеуге мүдделік танытатын барлық тарапты Астана процесін, ең алдымен БҰҰ қамқорлығымен өтетін Женева процесін қолдауға шақырамыз», - деп атап өтті ол.

Қазақстан СІМ басшысы аталған жанжалға қатысы бар барлық тараптар бұл процесті өздерінің мүмкіншіліктеріне қарай толықтай қолдайтындығынан үмітті екендігін жеткізді. Сондай-ақ ол Қазақстанның Астана процессіне соғыс іс-қимылдарын тоқтатуға мүдделілік танытатын барлық тараптардың қатысқандығына мүдделі екендігін баса айтты.

«Байқаушы ретінде бұған дейін қатысқандар ғана қатысуы шарт емес, біздің көзқарасымызша, бұл шеңберді ұлғайту қажет-ақ. Дегенмен соңғы сөз кепілгер елдерде (Ресей, Иран, Түркия - ред.)», - деді Әбдірахманов.

Айта кетейік, бұған  дейін хабарлағанымыздай, Сирия бойынша халықаралық кездесу 3-4 мамыр күндері  елордада өтеді.