Осы жұмыс шеңберінде Қазақстан тарифтік емес реттеу шаралары туралы мәліметтерді БҰҰ-ның ЮНКТАД халықаралық деректер базасы – TRAINS Portal жүйесінде орналастырып жатыр. Аталған платформа сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар, сарапшылар мен инвесторлар тарапынан халықаралық саудада қолданылатын ережелер мен талаптар туралы өзекті ақпараттың сенімді көзі ретінде кеңінен пайдаланылады.
Айта кетейік, TRAINS Portal халықаралық саудада қолданылатын санитариялық, фитосанитариялық, техникалық, сандық, шектеу қоюшы, тыйым салушы және өзге де шаралар туралы мәліметтерді қамтитын бірыңғай халықаралық платформа болып табылады.
Бүгінгі таңда жүйеде Қазақстан Республикасында қолданылатын тарифтік емес реттеудің 549 шарасы туралы деректер жарияланған. Олар Қазақстан Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақтың 96 нормативтік құқықтық актісі бөлінісінде ұсынылған.
Жарияланған тарифтік емес реттеу шаралары сыртқы сауданы жүзеге асыру кезінде қолданылатын талаптардың кең ауқымын қамтиды. Атап айтқанда, бұл импорт пен экспортқа қатысты тыйымдар мен шектеулер, өнімді сертификаттау және сәйкестікті растау талаптары, міндетті таңбалау қағидалары, санитариялық және фитосанитариялық талаптар, жекелеген тауар түрлерін лицензиялау, сондай-ақ техникалық және әкімшілік реттеудің өзге де шаралары.
Мысалы, енгізілген деректердің едәуір бөлігі өнімнің сәйкестігін бағалау талаптарына қатысты, оның ішінде міндетті сертификаттау және декларациялау рәсімдері, сынақтар жүргізу және техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестікті растау шаралары қамтылған.
Атап айтқанда, дерекқорда өнімнің сәйкестігін бағалау мен сертификаттауға қатысты шамамен 93 шара, сынақтар мен инспекцияларды жүргізуді көздейтін 29-ға жуық шара, сондай-ақ өнімге қойылатын 49 техникалық талап қамтылған. Сонымен қатар тұтынушылар үшін таңбалау және ақпарат ұсыну жөніндегі шамамен 40 талап, азық-түлік өнімдері мен жануарлар және өсімдіктерден алынатын тауарларға қатысты 15-ке жуық санитариялық талап, сондай-ақ жекелеген тауар санаттарының импорты мен экспорты кезінде қолданылатын 12 рұқсат беру рәсімі енгізілген.
Барлық шаралар ЮНКТАД-тың халықаралық әдіснамасына сәйкес ағылшын тілінде енгізілген. Әрбір шара бойынша оның сипаттамасы, халықаралық сыныптамаға сәйкес коды, қолданылу мерзімі және реттеу қолданылатын тауарлар тізбесі көрсетіледі.
Деректердің өзектілігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Ақпарат жарияланар алдында жан-жақты тексеруден өткізіледі. Жұмыс Қазақстан Республикасы мен ЕАЭО заңнамасындағы өзгерістерді ескере отырып, тұрақты негізде жүзеге асырылады.
Ақпараттың халықаралық жүйеде орналастырылуы Қазақстанның сауда шараларын сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін неғұрлым ашық, түсінікті және болжамды етуге мүмкіндік берді. Отандық экспорттаушылар үшін бұл реттеуші ақпаратқа қолжетімділікті жеңілдетіп, сыртқы нарықтарға шығу кезінде талаптарды іздеуге жұмсалатын уақыт шығындарын қысқартады.
-Осылайша, тарифтік емес шаралар туралы деректерді халықаралық TRAINS базасында жүйелеу және жариялау Қазақстанның реттеуші ортасының ашықтығы мен болжамдылығын арттырады. Бұл сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар мен инвесторларға қолданыстағы талаптарды алдын ала түсінуге мүмкіндік беріп, нарыққа шығу кезіндегі белгісіздікті азайтады, сауда операцияларын жоспарлауды жеңілдетеді және реттеуші ақпаратты алуға байланысты шығындарды қысқартады,-делінген хабарламада.
Электронды саудада тауарлардың толық әрі нақты статистикасы жасалатыны туралы жаздық.